«Жасыл ниеттестік» ҚБ халық арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғау және шешу мәселелерінде жұмыс жүргізуде. Ұйымның басым бағыттары тұрғындардың экология туралы білімін жетілдіруге, туризмді дамыту, қосымша инфрақұрылым орнату, жергілікті таза табиғи өнім шығаратын кәсіпкерлерге қолдау танытуға, одан бөлек елдімекендердің тазалығына мониторинг жүргізу, түрлі конкурс ұйымдастыру арқылы экологиялық мәселелердің шешілуіне ықпал етуге бағытталған. Аталмыш бастамалар өңірдің экологиялық хал-ахуалын жақсартып қана қоймай, туризм саласының тұрақты дамуына, табиғи ресурстарды өскелең ұрпаққа жеткізуде өзіндік септігін тигізбек. Атқарылып жатқан жұмыстар легімен «Жасыл ниеттестік» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әлия Ахмедиева және облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Түстікбаев баспасөз мәслихатында таныстырды.
«Туризм және экология» жобасы аясында өңірдің 8 ауданы мен 2 қаласында семинарлар өткізіліп, онда егіншілік, жасыл желектерді күту және жергілікті билік өкілдерімен өзара әрекеттесу мәселелері көтерілді. Суару, өсімдіктерге күтім жасау және мамандардың жетіспеушілігі секілді жасыл аймақтардың жағдайын нашарлататын өзекті мәселелер анықталды. Спикерлердің айтуынша, жобаға 6 жаттықтырушы, жетекші және ғалымдар, журналистер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, эко-белсенділер қатысты.«40-тан астам кездесу өткізіліп, Алакөл және Балқаш көлдерінде 300-ден астам адамның қатысуымен екі форум ұйымдастырылды. Шараларда экологиялық заңнама, эковолонтерлік және мәселелерді шешу механизмдері талқыланды», — деп атап өтті Әлия Қасымханқызы. Жобаны іске асыру аясында экологиялық жағдайды жақсарту бойынша белсенді жұмыс істеп жүрген тұрғындарды ынталандыру мақсатында 10 номинациядан тұратын «Таза істер марафоны» байқауы ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға шағын гранттар мен Алғыс хаттар табысталмақ.