Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Қоғалы ауылында «Жанұя» отбасын қолдау орталығы ашылды. Бұл – облыстағы осындай төртінші орталық. Бұған дейін мұндай орталықтар өткен жылы Панфилов, Сарқан аудандары мен Текелі қаласында іске кіріскен болатын.
«Жанұя» отбасын қолдау орталығы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік жағынан осал отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың экономикалық дербестігіне және азаматтардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына қолдау көрсету мақсатында жұмыс жасамақ.
Қоғалыда кезінде аудандық емхана болып, кейін біршама уақыт бос тұрған ғимаратқа ағымды жөндеу жұмысы жасалып, құрал-жабдықтары сатып алынған. Оған жергілікті бюджеттен арнайы қаражат қарастырылды. Сөйтіп орталық іске кірісті.
Аталған нысанның директоры Дәурен Жұмағалиевтің айтуынша, орталықта 15 адамға арналған жатын орын және балалар ойын бөлмесі бар, кір жуатын орын, асхана, тынығу бөлмесі жан-жақты жабдықталған. Алдағы уақытта мекемеге арнайы көлік беріледі деп күтілуде. Мұнда 19 адам тұрақты жұмыс істейді. Жаңа мекеме толықтай мемлекеттен қаржыландырылады.
– Бұл орталықта отбасылық жанжалдарды шешуге бағытталған шаралар іске асырылып, қиын жағдайға тап болған адамдарға әлеуметтік, заңдық, психологиялық қолдау көрсетіледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға бір айға дейінгі мерзімде уақытша тұру мүмкіндігі беріледі. Бұл мекеменің кәсіби мамандары өңірдегі түрлі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің оң шешілуіне ықпал етеді деп сенемін, — дейді Д. Жұмағалиев.
Жергілікті тұрғындар мұндай орталықтардың болғаны дұрыс деп есептейді.
— Отбасы – мемлекеттің бір бөлшегі. Мемлекет мықты болуы үшін алдымен әр отбасы берік болуы керек. Қазіргі кезде әртүрлі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға байланысты отбасылар, әсіресе жас отбасылар түрлі қиындықтармен бетпе-бет келіп жатады. Ажырасу да жиіліп кетті. Сондықтан дер кезінде отбасыларға қолдау көрсетудің маңызы зор, — дейді Қоғалы ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Серік Турбеков.
Ендігі ретте өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды ерте анықтау мен қолдауды ұйымдастыру үшін аудан бойынша мобильді топтар құрылады. Мобильді топ құрамында ауыл округтерінің әкімдері, әлеуметтік мәселелер жөніндегі қызметкерлер, білім беру мен денсаулық сақтау салалары және ішкі істер органдарының өкілдері қамтылады, яғни бұл істе барлық сала мамандары бірлесіп жұмыс істейді.
Жалпы Жетісу облысында «Жанұя» отбасын қолдау орталықтары 2023 жылы Панфилов, Сарқан аудандары мен Текелі қаласында ашылған. Оларға 82 отбасы тіркеліп, психологиялық және әлеуметтік көмектер беріліп, қызмет көрсетілген. Ал биыл Кербұлақ ауданы Қоғалы ауылындағы орталықпен қатар жыл соңына дейін Қаратал, Алакөл аудандарында осындай нысандар ашылады, 2025 жылы Ескелді, Көксу, Ақсу аудандарында ашу жоспарланған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.