Алғаш рет Республика күні мемлекеттік мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланды. 2009 жылы аталған заңға өзгерістер енгізіліп, бұл күн мемлекеттік мерекелер тізімінен алынған болатын. Президентіміз ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынып, бекіткені құптарлық жағдай болғаны сөзсіз. Республика күнінің өз дәрежесінде атап өтілуі бұл мемлекетіміздің егемендігі, тәуелсіздігін болашақ ұрпаққа тарих деп ұлықтау, ең бастысы, тарихымызды ұрпақтың санасынан жойып алмау үшін қажет. Тәуелсіздігімізді алуымызға дәл осы күн әсер етті десем артық болмас. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сынды заңдар жинағы бүгінгі күннің басты заңы Конституцияға айналды. Атақты Төле, Әйтеке, Қазыбек би қазіргі кездегі сот жүйесін қалыптастырды. Қазіргі таңда Қазақстан экономикасы дамыған, халықаралық дәрежеде өзге мемлекеттермен тең түсетін зайырлы мемлекет. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде барша әлемге танылды. Бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп, мәселелер оңынан шешілді.
Ақмарал ӘСТАЙ, музыка пәнінің мұғалімі