Қариясы бар елдің қазынасы бар

79

Елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. Әрбір азаматтың қартайған кезіндегі өмірін лайықты ету – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі.

Өмірлерін жас ұрпақтың өсуіне, жарқын болашағына арнаған ата-апаларымыз ортамызда. Олар қол қусырып қарап отырмай,  жас ұрпақ тәрбиесіне атсалысады. Әрқайсысының өнегелі еңбек жолы бір-бір дастан. Үлкендерге лайықты сый-құрмет жасап, алғысына бөлену – адам баласының бойындағы тектілігінің белгісі. Ендеше асыл қазынамызды бағалап, сый-құрмет көрсетіп, өнегелі ғұмырынан ғибрат алып, олардың қадір-қасиетіне жету абзал.

Талдықорған қаласында 26 мыңнан астам зейнет жасындағы адам тұрады. Ардагерлер кеңесінің  бастамасымен  осы қазан айын қарттарға қайырымдылық  пен көмек, шынайы жанашырлық көрсету айы деп жариялап, кәсіпкерлерге, ұйым мен мекеме басшыларына  үндеу жасаған болатын.  Бұл шараны бір айлық «Қарт­тарымызды қамқорлай жүрейік» атты үлкен акцияға айналдыруды көздеп отыр.

Паруза Байысованың жетекшілігіндегі  «Мұрагер» аймақтық ардагерлер  филиалы көптеген игі істерді атқарып келеді. Қалалық ардагерлер кеңесінің бұл бөлімшесі  орталықтан басталып, Қарабұлақ кентіне шығар аймақты түгелдей қамтиды. Осы аумақта тұратын қазыналы қарттардың басын қосып, әр мерекеде, оқу орындары білімгерлерімен тәлімдік шаралар өткізуде.  Осындай тәрбие істерінің басы-қасынан  әрдайым Паруза  Мұқанқызы  табылып жүр.  Бұл жолы -халықаралық Қарттар күніне орай қазыналы қарттардың басын қосты.  Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков айтулы  мерекемен құттықтап, ақ жаулықты әже, абыз қарияларға Алғыс хаттар табыстады.

 Құрмет көрсеткендер арасында шахматтан, бильярдан турнир жеңімпаз Исағали Төлеубекұлы, көп балалы ана, қазақтың қолөнерін дәріптеуші Әуесхан Мажайқызы, республикалық «Батагөйлер» сайысының қатысушысы Серікбек Балқыбекұлы, газетіміздің ардагер  қызметкері, спортта белсенді Сәуле Мұскенова да бар.

 Ал  Мұрат Шаяхметұлы, Шәйбала Тергеуова,  Қания  Есдәулетова, Жұмабала Балақаранова сыйлы қонақ ретінде шақырылыпты.

Жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету мемлекет тарапынан ғана емес – қоғамның барлық өкілдерінің, әсіресе жас буынның басты парызы екенін де ұмытпаған жөн. Осы қоғамның іргетасын нығайту үшін бүгінгі жас буынға үлгілі, өнегелі тәрбие беретін, елжандылыққа баулу сияқты моральдық нормалардың бастауында қазыналы қарттарымыздың тұрғанын әрқашан есте ұстауымыз қажет.  Ұрпақтар сабақтастығы жарасымын тапқан шарада қаламыздағы №125 мектептің білімгерлері әсем ән мен белгілі ақындардың өлеңдерін  нақышына келтіре орындады. Домбырашылар тобы күй төгілтті. Қонақтарға гүл ұсынып, сыйлық жасады. Мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрсұлтан Таласбайұлына аталар ақ батасын беріп, зерек шәкірттері көп болуына тілектестік білдірді.  Үлкендерге жастар ізет пен құрмет білдіріп жатса, береке-бірлігіміз арта түсері анық. Шара барысында  ардагерлер  жайылған ақ дастарқаннан дәм татты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз