АЭС – біздің болашағымыз

108

Жастарға қызмет көрсету орталығының конференц-залында «АЭС — біздің болашағымыз» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Жетісу облысының үкіметтік емес ұйым өкілдерімен қоғамдық штаб мүшелері қатысты.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын түсіндіру және жобаның экологиялық әсері мен ел болашағына ықпалын талқылау.

Талқылау барысында республикалық халықтық штаб мүшесі, облыстық маслихат депутаты, «Жетісулық желтоқсаншылар» қоғамдық қорының жетекшісі Е.Жүнісхан АЭС салудың қажеттілігін нақты дәлелдермен жан-жақты түсіндірді. «Қазіргі уақытта елімізде су, көмір, газ тапшылығы сезіліп отыр. Халық саны көбейген сайын сұраныс арта береді. Қуат тапшылығы – жаһандық сипаттағы өзекті мәселе. Ал, АЭС құрылысы аталған мәселенің ең басты шешімі. Елімізді жаңғыртуға кірістік, Заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағытымыздан айнымауымыз керек. Болашаққа үлкен сеніммен қадам басып, батыл шешімдер қабылдайтын уақыт келді. Түпкілікті шешім демократияның құралы – референдум арқылы қабылданады. Яғни,соңғы шешімді халық қабылдайды»,-деді.

«Жетісу облысының Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Д.Қыдырбаева АЭС салу арқылы ел экономикасын көтеруге болатындығына назар аударып,  6-шы қазан күні өтетін референдумның өткізілу тәртібін түсіндірді: «Дауыс беру қағазында бір ғана сауал болады. Сіз атом электр станциясын салуға келісесіз бе?  Иә немесе жоқ деп белгілейсіз», — деді.

«Тамшыбұлақ» ҚБ жетекшісі Ж.Тулемисова 5 жылда жасалған ауқымды реформаларды, еліміздің саяси жүйесінің түбегейлі өзгергендігін әңгімеледі. «Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Шын мәнінде, бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз өзіміздің азаматтық белсенділігімізді танытып, 6 қазан күні өтетін референдумда дауыс беруіміз қажет», — деді Ж.Тулемисова.

Шараға жиналғандар бұл еліміз үшін маңызды қадам екенін атап өтіп,  өзгелерді де референдумға қатысуға шақырды.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз