«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы жүзеге асып жатыр

137

Жетісу облысында биыл біршама медициналық нысанның құрылысы басталады. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте хабарлады.
Денсаулық сақтау саласы үшін халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету – басты басымдық. Бұл ретте «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында аудандарда 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық пункт салу жоспарланған.
«Бүгінде барлық 59 денсаулық сақтау нысанын салуға жер-кадастрлық жоспарлар дайындалды. Бұл үшін жергілікті бюджеттен дайындық жұмыстарына 500 млн. теңге бөлінді. Атап айтқанда, бұл медициналық нысандар Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандарында салынады. Одан бөлек, Ұлттық жобаға Панфилов ауданының көпсалалы ауруханасы да енгізілді. Жаркент қаласының қолданыстағы ғимаратты қалпына келтіру жұмыстарымен қайта жаңарту және аурухананың жаңа блогын салу үшін 142 млн. теңге сомасына келісім-шарт жасалды», — деді басқарма басшысы.
Біраз уақыттан бері аймақтағы онкологиялық орталықтың толыққанды медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бере алмай отырғандығы, нысанның ескіруі, ота жасау және жансақтау бөлімшесі, палаталардың жағдайы мәселе ретінде көтеріліп жүр. Осы орайда басқарма басшысы инвесторлардың көмегімен онкологиялық орталыққа құрылыс жұмыстарын жүргізудің жоспарда бар екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта онкологиялық диспансерді инвесторлар есебінен салу жоспарлануда. Өздеріңіз білетіндей, онкологиялық диспансердің ғимараты өте ескі. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда. Қаратал шағын ауданындағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының маңында онкологиялық орталықтың құрылыс жүргізілетін болады.
Одан бөлек, Ұлттық жоба аясында көпсалалы ауруханаға республикалық бюджеттен 238 млн. теңгеге 33 бірлік медициналық техника сатып алынды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз