Жалған хабарламаның мақсаты – үрей тудыру

53

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында өңірлерді су алып, ел басына күн туғанда жалған хабар таратушылар жығылған үсті­не жұдырық болып жатқанын қын­жыла жет­кізді. Министрдің айтуынша, тіпті кейбір жағ­дайларда теріс ақпарат салдарынан құт­қару бригадалары көмек қажет емес жерлерге ат­танып, қымбат уақыттарын текке шы­ғындаған.

 

«Қазір еліміздегі су тасқынымен кү­рес қарқын­ды жүріп жатыр және оның қау­пі әлі бәсеңдеген жоқ. Қарғын сумен күреске қолдағы барлық күш пен ре­зерв, адам ресурсы мен қажетті тех­ни­калар түгел жұмылдырылды. Су бас­қан өңірлердің тұрғында­ры, олармен бір­­ге 20 мыңнан астам волонтер мем­лекеттік органдармен бірігіп жұ­мыс істеп жатыр. Отандастарымыз ауыз­бір­лік пен жанашырлық танытып, жұ­дырық­тай жұмылды. Өз кәсібіне адал тө­­тенше жағдай қызметкерлері, әскери қыз­­метшілер, ішкі істер қызметкерлері мен мем­лекеттік қызметшілер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Қазір әрбір адам, әрбір техника мен еңбек күші өте ма­­ңызды. Көп ресурсты қажет ететін осы бір қиын сәтте біз ақпарат таратуда дәл осын­­дай жүйелі түрде қимылдап, үлкен жа­уап­­кершілік танытуымыз қажет», деді министр.

Аида Балаеваның айтуынша, ақпа­рат саласына жүргізілген мониторинг барысында жалған ақпарат деңгейіндегі ­29 факт анықталған. Ол хабарламалар­дың барлығына уәкілетті органдар тарапынан тиісті тексеру жүргізіліп, шынайы емес екені белгілі болып отыр. «Жалған ақпараттар көбіне мессенджер­лер арқылы таралады. Ең көп тараған ақпарат­тар қатарына бөгеттердің бұзы­луы, республикалық маңызы бар жолдар­ды су басуы, су қоймаларын­дағы, электр стансаларындағы және басқа да стра­тегия­лық объектілердегі апаттар, ауыз судың ластануы, эвакуациялау орындары, қаражат жинау және төлеу туралы жалған мәліметтер жатады», деді министр.

Ол Ақтөбедегі су қоймасы шлюздерін ашу туралы әлеуметтік желіде жалған ақпаратты кейін Ақтөбе облысының әкім­дігі жоққа шығарғанын, сондай-ақ Қос­танай облысының әкімдігі Б.Майлин ауданын­дағы Аят өзені арқылы өтетін көпірдің бір бөлігінің құлауы, өңірдегі мал қорымдарын су басқаны туралы хабарламаны ресми түрде терістегенін мысалға келтірді. Осы фактілер бойынша төтенше жағдайлар қызметкерлері сол жерлерге арнайы барғанымен, ақпараттың расталмағанын ерекше атап өткен сала басшысы басқа жерде шын көмекке мұқ­таж жандар күтіп отыратынын, олар­дың арасында балалардың бар болуы мүмкін екенін ұмытпауға шақырды. Оның айтуын­ша, Денсаулық сақтау министрлігі де су басқан аумақтарда жұқпалы аурулардың өршу қаупі және эпидемиологиялық қызмет тарапынан жағдайды бақылаудың жеткіліксіздігі туралы жалған ақпарат тарағанын мәлімдеп отыр.

«Тасқыннан зардап шеккендерге арнал­­ған тө­лемдер туралы да әдейі жал­­­ған хабарламалар тарату үлкен қа­уіп төн­діреді. Кейінгі күндері су тас­қы­ны­­нан зардап шеккендерге Мем­ле­кет бас­шысы тарапынан уәде еті­леді деген миллиондаған доллар төлем­дері, Пре­мьер-министр мен Үкімет мүше­лерінің атынан ақшалай қаражат жинау туралы жалған хабарламалар пайда болды. Мұндай ақпаратқа сенбеуге шақырамын. Алаяқтар су тасқыны жағда­йын өздерінің жеке мақсатына пайдалана бастады. Теріс ниеттілер азаматтардың жеке деректері мен қаржылық ресурстарын ұрлау үшін интернетте «Төлемдер үшін ЖСН-ді тексеріңіз», «3 миллион тең­геге дейін өтемақы алу», «Мемлекеттен мүм­кіндігін­ше тезірек жәрдемақы алу» деген сияқты хабарлама­лар жариялайды», деп атап өтті Аида Балаева.

Мәдениет және ақпарат министрі жар­намала­рын сенімді көрсету үшін қыл­мыскерлер отандық банк­тер мен мем­лекеттік мекемелердің атауын пайдаланатынын, мысалы, Facebook, Instagram және Telegram желілерінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әртүрлі банкпен бірлесіп төлей­тін төлемдері туралы хабарламалар жиі жарияла­на­ты­нын жеткізді. Сондай-ақ Қаржы министр­лігі жаңа қаулы қабылдап, шығын­ның ­орнын толтырып жатыр екен деген жалған ақпарат жүрге­нін айтты. Адамдарды жаңылыстыру үшін алаяқтар әр жазбаның астына алғыссөздері бар бот пікірлерін жазады.

«Бұл көрінеу жалған хабарламалар­дың барлы­ғы мемлекеттік органдар арқы­лы жедел теріске шы­ғарылып, бар­лық фак­ті бойынша құқық қорғау органдары­на хабарламалар жіберілді. Барлық анық­талған заңсыз фактілерге құқықтық баға беру, жедел-іздестіру және іс жүргізу үшін материалдар құқық қорғау органда­рына жолданды. Сондықтан тек ресми және рас­талған ақпаратқа сеніңіздер. Бар­лық күмәнді фактілерді бірнеше рет тексе­ріңіз және күмәнді хабарламаларды әрі қарай таратпаңыз!», деп ескертті министр.

Аида Балаева барлық жалған хабар­ла­маның мақ­­саты – үрей тудыру, ха­лықты жікке бөлу, мем­лекеттік қызметшілер мен волонтерлердің келісілген жұмысын ұйымдастыруды бұзу және қарапайым халықтың қайғы-қасіретін пайдаланып тез пайда табу екенін атап өтті. «Сон­дай-ақ су тасқыны мен зардап шеккен өңір­лерді қалпына келтіру шараларын объективті түрде жариялап жүрген БАҚ өкілдеріне арнайы алғысымды білдіргім келеді» деді министр.

Егемен ҚАЗАҚСТАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз