Талдықорғандағы «Самал»»мөлтек ауданынан «Жарық» әлеуметтік дүкен ашылды

103

Талдықорғанда жаңа форматтағы үшінші дүкен ашылды. Бұл алдыңғыларға қарағанда әлдеқайда кең әрі жайлы сауда орны, мұнда әлеуметтік маңызы бар тауарлар 15-20% төмен бағада ұсынылады , – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап taldykorgan-online. kz.

Халыққа пайдасы мол бұл сауда нысаны «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ-ның қолдауымен  «Свет-Ко» ЖК-мен бірлесіп ашылды. «Жарық» әлеуметтік жаңа дүкені «Самал» шағын ауданында орналасқан.

 Мұнда облыстың тұрақтандыру қорының және «кері схемамен» жұмыс істейтін өндірушілердің тауарлары саудаланады. Бұл дүкенде тауарлардың түрі көп, соның ішінде азық-түлік, тұрмыстық химия, сусындар және басқа да әлеуметтік маңызы бар 18 түрлі азық-түлік өнімдері нарықтағыдан 15-20% төмен бағада саудаланады. Мысалы, I санаттағы жұмыртқаның ондығы 445 теңгеден, сұйық май 510 тг/л, күріш – 340 тг/кг, картоп – 110 тг/кг, пияз – 70 тг/кг, сәбіз – 140 тг/кг және т.б.

Нысанның ашылуында сөз сөйлеген Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Бершімбеков әлеуметтік дүкендердің ашылуы облыс әкімдігінің бастамасымен, Талдықорған қаласы әкімдігі мен «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның бірлесіп қолға алған шарасы екенін атап өтті.

– Мұндағы сөрелерге тауарлар делдалсыз, өндірушілерден қосымша шығынсыз тікелей жеткізіледі. Бұл дүкендердің бәрі ӘКК-нің қаржыландыруында, сондықтан бұл олардың тауарларды нарықтағыдан төмен бағада сатуына мүмкіндік береді, – деді Р. Бершімбеков.

Осы дүкендердің жұмысына қатысты сатып алушылар да өз пікірін білдірді:

– Мұнда жарма, көкөністер мен жұмыртқа алуға келдім. Шынында да нарықтағыдан төмен бағада екен.  Дүкен қолайлы жерде, аялдамаға жақын орналасқан. Біздің ауданда егде жастағылар көп тұрады. Енді бізге орталық базарға жиі барудың қажеті болмайды, – деді Г. Қанапиянова.

Жалпы қазіргі кезде Жетісу облысында «Жетісу» ӘКК-нің 6 әлеуметтік нүктесі бар, оның ішінде 2 әлеуметтік дүкен Талдықорғанда, 1-еуі Үштөбе қаласында, сол сияқты коммуналдық және әлеуметтік базарлар мен «Көкбазар» сауда үйінде сауда нүктелері жұмыс істейді. ӘКК өкілдерінің айтуынша, жұмыс мұнымен тоқталмайды, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бұдан әрі де облыс орталығының халық тығыз орналасқан шағын аудандарында осындай форматтағы әлеуметтік дүкендер ашылатын болады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз