Талдықорғанда жуғыш заттар өндірілуде

314

Ғылым қарыштап дамып жатқан заманда заманауи үдерістен қалмау — бүгінгі күннің басты талабы. Талдықорған қаласы табиғи ресурстарды ең тиімді жолмен игеретін, құрамында зиянды заттары жоқ өнімдерді шығаратын кәсіпорынмен толықты. Күнделікті тұрмысқа қажетті жуғыш заттарды  шығарып жатқан  «KARKYN.GRUP» ЖШС.

Қарқын Тоқа жетекшілік ететін нысан ыдыс, киім (балаларға, ақ және түрлі түсті киімдерге)  және автокөлік шыныларын жууға арналған сұйықтық өнімдерін өндіреді. Майды жылдам кетіретін, құрамында хош иістендіргіші бар, қол терісіне қауіпсіз, экологиялық таза өнімдер. Цехта күніне бір тоннаға жуық өнім шығарылып, Талдықорған және Алматы қалаларына жөнелтіледі. Қаламыздағы бірқатар дүкендермен тығыз байланыста жұмыс жүргізілуде. 50 миллион теңге көлеміндегі жеке қаражатпен басталған кәсіп ауқымын алдағы уақытта кеңейту жоспарда бар. « Кәсіпті бастарда алғашында 3 түрлі саланы ойладым, маған ыңғайлысы осы болды. Содан барлығын зерттеп, зерделей бастадым. Жуғыш заттарды өндіру әрқашан өте тиімді. Таңдауым осыған түсті. Қазіргі таңда халықтың басым көпшілігі білмейді, жарнама жұмыстарын жандандыру қажет. Ендігі уақытта мүмкіндік болса мемлекет тарапынан арнайы жер берілсе деген ниетім бар, себебі, қазіргі зауыт ғимаратын жалға алып отырмыз. Бұл да өз кезегінде қиындық тудырады», — дейді Тоқа Қарқын.

«KARKYN.GRUP» ЖШС өткен жылдың мамыр айынан бастап іске қосылып, желтоқсан айынан өз өнімдерін нарыққа шығара бастады. Осы аралықта компания өнімдеріне түрлі сынамалар жүргізіліп, халықаралық сапа кепілдігін алды. Егер сұраныс пен тапсырыс болса күніне 10 тоннаға дейін өнім өндіруге мүмкіндігі бар, арнайы сақтау, сату қоймалары да жоқ емес. Компания ерекшеліктері — шет елден жаңа заманауи құрылғыларды енгізіп, сапалы өнім шығару, отандық өнімді халыққа қолжетімді бағада ұсыну. Төрт қызметкер мен екі жарнама және сату менеджері жұмыс атқаруда.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз