Бүгін Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында өтетін IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының алауы тұтанады. Gangneuung Oval спорт кешенінде конькимен жүгіру спортынан жарыстар ұйымдастырылады. Ал Олимпиаданың жабылу салтанаты 1 ақпан күні Каннындағы Gangneung Olympic Park спорт кешенінде өтеді деп жоспарланған. Канвон-2024 Ойындарына 14 пен 17 жас аралығындағы әлемнің 70 елінен 1800 спортшы қатысады. Мұнда 7 спорт түрінің 15 бағдарламасы бойынша 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Астана спортшыларды салтанатпен шығарып салды
15 қаңтар күні Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Канвон-2024 IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысатын спортшыларды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Аталған шарада конькимен жүгіру спортының өкілі Кристина Шумекова мен шорт-трекші Ерасыл Шыңғысханға Көк туымыз табысталып, спортшылар ант береді. Жиынға ҚР Туризм және спорт министрі, Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылары, спорт ардагерлері мен Олимпиада ойындарының жүлдегерлері қатысты.
Салтанатты жиында Ермек Маржықпаев сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Қазақстан спортшылары Тәуелсіздік жылдарында барлық Жасөспірімдер Олимпиадасында 29 медаль жеңіп алды, оның 5-і қысқы Ойындарға тиесілі. Елімізде қысқы спорт түрлерінде жеңіспен өрілген жақсы дәстүр бар. Бүгінде тек елімізге ғана емес, бүкіл әлемге танымал даңқты спортшыларымыз халықаралық қысқы жарыстарда өнер көрсетіп, үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрді. Олардың қатарында шаңғышы Владимир Смирнов, конькимен жүгіруші Людмила Прокашева, биатлоншы Елена Хрусталева, мәнерлеп сырғанаушылар Денис Тен және Елизавета Тұрсынбаева бар. Сіздер бұл Ойындарға қатыса отырып, зор тәжірибе жинайсыздар. Осы құнды тәжірибе болашақта пайдалы болатыны сөзсіз, өйткені сіздер Қазақстан ұлттық құрамасының резерві саналасыздар. Бүгін біз дәстүрлі шығарып салу рәсіміне қатысып отырмыз. Сіздерге алдағы жарыста тек сәттілік тілеймін. Осыған дейін жиған бар шеберліктеріңізді, қабілеттеріңізді паш етіп, жоғары нәтиже көрсетулеріңізге және жеке рекордтарыңызды жаңартуға тілектеспін! Біз сіздерге жанкүйер болып, жеңіс тұғырынан көрінулеріңізге шын ниетпен тілеулес боламыз», — деді министр.
Ел намысын 42 спортшы қорғайды
Оңтүстік Кореядағы жасөспірімдер олимпиадасында Қазақстан намысын спорттың 5 түрі мен 10 дисциплина бойынша 42 спортшы қорғайды. Атап айтар болсақ, биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, фристайлдан параллельді могул бойынша бақ сынайды.
Жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан туын кімдер алып шығады
Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында өтетін IV қысқы жасөспірімдер олимпиадасында Қазақстан Туын Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының спортшылары алып шығады. Атап айтсақ, «Ұлттар шеруі» кезінде Қазақстан туын конькимен жүгіруден Петропавлдан ұлттық құраманың мүшесі Кристина Шумекова мен оралдық шорт-трекші Ерасыл Шыңғысхан алып шығады. Бұл спортшылар жарыстардағы жоғары жетістіктері үшін ғана емес, сонымен қатар халықаралық аренадағы жеңіске деген жігері үшін таңдалған. Атап айтсақ, Кристина Шумакова — конькимен жүгіру спортынан ҚР спорт шебері, өзінің жасы санатындағы Қазақстан Республикасының чемпионы, 2023 жылғы Әлем Кубогының итальяндық кезеңінің күміс жүлдегері. Ал екінші ту ұстаушы спортшымыз Ерасыл Шыңғысхан — шорт-тректен спорт шеберіне кандидат, өзінің жасы санатындағы Қазақстан Республикасының чемпионы, сондай-ақ «Азия балалары» 2023 халықаралық жарысының күміс жүлдегері.