«Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сай елде жаңа Қазақстан құру бастамасы аясында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Бұл бағытта «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының атқаратын рөлі зор. Осыған байланысты Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылының әкімі Жаннұр Әбішев басшылық қызметке келгелі жұрттың мұң-мұқтажын дер кезінде жеткізіп, күрмеуі қиын көп мәселелерді шешуге сара жол ашылды. Соның нәтижесінде өңіріміз өркендеп келеді»,  – дейді  аймақ тұрғындары.

  Жергілікті жұрттың айтуынша, Өтенай ауылының құрамына Еңбек, Мойнақ, Пригородный, Ынтымақ, Жастар сынды бірнеше елді мекен енеді. Мұндағы білім мен денсаулық, өнер мен мәдениет, басқа да әлеуметтік салаларымен қатар күнделікті тұрғындардың  ауыз су, жол, жарық,  газ тарту, тазалық, егін және мал жайылымдарына қатысты туындайтын мәселелері аз емес. Осындай жұмыстардың барлығында бұрын бірнеше күн жүріп, кезек күтіп, әкімді іздеуге тура келетін. Қазір негізгі кедергілердің бәрі жойылды. Әрбір елді мекен бойынша арнайы Whatsapp желісінде құрылған арнайы топ бар. Әкіміміз сол топтың ішінде. Бір мәселе бола қалса кез-келген тұрғын тікелей байланысқа шығып ауыл басшысына өз шағымын жеткізе алады.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ғой. Өтенай ауылының әкімі жас әрі өте қарапайым жан. Қай қырынан алып айтсақ та мақтауға тұрарлық азамат. Себебі, ол ауылға басшы болып келгелі өңірдегі халықпен жиі қарым-қатынаста. Түрлі мәдени және қайырымдылық шараларына бірге атсалысып келеді. Тіпті, ауылымызда болған бір өлімде азаматтар жетіспеген кезде өзі түсіп қабір қазысып, барлық жұмыстарды реттесіп қайтқанын өз көзімізбен көрдік. Сонымен бірге көп жылардан бері еш жөндеу көрмеген көшелерге биыл асфаль төсеу жұмыстары басталып, жұрттың талабына сай жаңадан мешіт салуға жер бөлінді. Бұрын жоспарға енбей қалған газ тару ісі де шешімін табуда. Мұнан басқа да ауыз толтырып айтар жетістіктер жетерлік. Жалпы жасыратыны жоқ, өңіріміз күн санап өркендеуде», — дейді Мойнақ ауылының адамдары.

  Осынған сәйкес, жақында біз Өтенай ауылының әкімі Жаннұр Мұратұлына хабарласып ауылдағы жұрттың  тыныс-тіршілігі мен жасалып жатқан жұмыстар жайын білген едік.

— Жаннұр мырза, қазір бірнеше елді мекен қарайтын Өтенай ауылының аумағында қандай жұмыстар атқарылуда?

— Өңірлерді өркендету өзекті іс. Негізі ауыл-аймақты дамытудың алғы шарты – халық қажетін қанағаттандыру. Мұндағы жұрттың  ауыз су, жүрер жол, жарық, газ, мектеп, аурухана, балабақша, кітапхана, спорт алаңы, мәдениет үйі сынды құрылыс нысандарына қатысты  қоятын сауалдары да аз емес. Оны ретке келтіру үшін кезең-кезеңімен жүзеге асыруға тура келеді. Мәселен, осыған дейін Өтенайдағы №21, Мойнақ ауылындағы №23 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, бірнеше жаңа спорттық алаңдар салынды. Жыл сайын  бірінші кезекте қала әкімінің тапсырмасы сай  наурыз айынан бастап  ауылдарды күл-қоқыстан тазарту мен арық-тоғандарды аршып, ағаш отырғызу жұмыстары қолға алынады. Атап өтерлігі, қазір Өтенайға қарасты әр ауылда апта сайын сенбілік ұйымдастырылып, жиналып қалған тұрмыстық қалдықтар шығарылып, үнемі арықтар мен басқа да су жолдары тазаланып тұрады. Мәселен, биыл 5 наурыздан бастап өткен тазалық шараларында аймақтағы әрбір елді мекендердегі қыс бойы жиналған күл қоқыстар шығарылды. Оған әкімдік қызметкерлері мен әр ауылдың тұрғындары да белсене ат салысты. Сонымен қатар жол жөндеп, ескі нысандарды жаңартуда басты назарда. Мысалға, биыл  Өтенай ауылының  12 көшесін жарықтандыру және 26 көшесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Жақында оның жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Бұдан сырт Мойнақ ауылының 6 көшесіне асфальтталу жұмыстары басталды.

—  Жалпы қазір Өтенай ауылына қарасты қанша егістік жер бар? Аймақтағы көктемгі дала жұмыстарына дайындық қалай жүріп жатыр?

      — Бүгінде Өтенай ауылына қарасты 153 шаруа қожалығы, 8 жауапкершілік шектеулі серіктестігі бар. Олардың  дені мал және егін шаруашылықтарымен шұғылданды. Жалпы тұрғындар саны 13 мыңнан асады. Ал, егістік жер көлемі 2600 гектардан асады. Оған арпа, бидай, жүгері, май бұршақ, жоңышқа, көп жылдық шөп және басқа да көгөністер мен өңірдің төл өнімі қант қызылшасын себу көзделген. Қазіргі уақытта шаруалардың көктемгі егін егу науқанына дайындығы пысықталуда. Бүгінде ауылдық шаруаларға тиесілі  84 ауыл шаруашылық техникасы дайын тұр. Оған сәуір айының басында арнайы үкіметтен арзандатылған жанар-жағармай бөлінеді.

 Енді мал шаруашылығының жайын айтар болсақ бүгінде мал басы да айтарлықтай өскен. Аймақта  3200- ге жуық ірі қара, 8000-ға жуық ұсақ мал, жылқы 1300-ден астам жылқы,  40 түйе бар. Аталған төрт түлікке тиесілі жайылым жер қарастырылған. Сондай-ақ, қазір заман талабына сай, аймақтағы жайылым және егістік жерлерді электрондық картаға енгізу жұмыстары аяқталуға жақын. Мұндай жұмыстар Minagro.kz, Qoldau.kz  веб порталына енгізілген.  Сонымен бірге Өтенай ауылдық округінде тұрғындарға мемлекеттік қызметтің 4 түрі көрсетіледі. Салық төлеу ісі де жүйелі жолға қойылған. Соның нәтижесінде өткен жылы  5 салық түрінен  жиналған қаражат  65 миллион теңгеден асқан.

—  Ауылдағы  кәсіпкерлікті қолдауға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасына қандай көмектер көрсетілуде?

— Көпке мәлім соңғы жылдары жер шарын шарпыған індетке байланысты әлем халықтары үшін оңайға соқпағаны белгілі. Соған қарамастан мемлекет тарапынан жағдайы төмен және басқа да  мұқтаж отбаындағыларға лайықты көмек көрсетіліп келеді. Нақтырақ айтсақ өткен жылдың басында Өтенай ауылына қарасты мемлекеттік әлеуметтік атаулы көмек алуға 197 отбасының құжаттары қабылданып, өтініштері толық қанағаттандырған. 2020 жылғы 28 наурыздағы №167 шешімге сәйкес округ бойынша жетім және аз қамтылған, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен көп балалы отбасынан шыққан жоғарғы оқу орнында оқитын 8 студентке оқуының ақысын төлеу бойынша қол ұшы берілді. Сондай-ақ, 2021 жылы мемлекеттің нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында  4 азаматқа 32 миллион теңгеге жуық жеңілдетілген несие беріліп, олар өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алды.

— Енді биылғы есептік кездесуде қойылған жұрт сауалы бойынша жасалып жатқан жұмыстарға  тоқталып өтсеңіз…

Қарапайым халықтан түскен әрбір сауал еш жауапсыз қалмайды. Мәселен, биыл Ынтымақ ауылының тұрғындары өз аумақтарында газ және кәріз жүйелерін тарту, жаңадан басталған мектеп құрылысының қашан  аяқталатыны туралы, басқа да адамдар қаңғыбас иттерді көзін жою мәселелері туралы сұрақтарын қойған. Осы жайында айтып өтетін болсақ,  Ынтымақ ауылына газ құбырын жүргізу үшін жоғарға бюджеттік өтінім берілген, қазір қаражаттың бекітілуін күтіуде. Ал, кәріз жүйесін жүргізу ісіне келсек құрылысы жоспарланып, қорытынды сараптама әзірленді. Алдағы уақытта қаражаттың бөлінуіне қарай құрылыс жұмыстары басталатын боладық. Енді Ынтымақ аулында 1200 орынға арналған жаңа мектеп салынуда. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды. Аталаған  білім шаңырағы биылғы оқу жылының басында толық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Қаңғыбас ит пен мысықтарды аулау бойынша аймақта Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтық туралы» Кодексінің 408 бабына сәйкес, алдымен ескертпелер тарату, рейдтер кезінде әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Өтенай ауылында ветеринарлық пункт бар.  Ондағы мамандар Талдықорған қаласының ветеринарлық станциясының қызметкерлерімен бірлесіп, өткен  жылы 527 ит, 21 мысық аулаған. Биылғы жылдың басынынан бері иесіз жүрген 87 ит және мысықтар ұсталды. Бұл жұмыстарда әрі қарай жалғасуда.

Қорытып айтсақ, осының барлығы аймақ тұрғындары үшін жасалып жатқан жұмыстар. Әрине, әр бір атқарылған істің  лайықты кемшіліктері болатыны да хақ. «Көш жүре келе түзеледі» деген.  Олқылықтардың орны толып, бағытымыз айқындалар. Бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын!

– Әңгімеңізге рақмет!                                      Сұхбаттасқан Айдын КӘЛІМХАН.

 

                           

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK