Жетісу облысы құрылғаннан бері орталық сумен жабдықтау деңгейі 93% ға жетті. Бұл ретте халықты ондаған жылдар бойы толғандырған суға қатысты күремеуі қиын мәселелер шешімін тапты. Соның бірі — Сарыөзек ауылын үздіксіз сумен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді, енді шалғайдағы Қоғалы ауылының су жүйесі жаңғыртылады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев Кербұлақ ауданының халқымен кездесуі барысында айтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сол сияқты өңір басшысы өз сөзінде биыл ауданда жүргізілген ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарына тоқталды.
— Жылдар бойы өзекті мәселе болған Сарыөзек ауылының ауыз су мәселесі шешімін тапты. Былтырғы кездесуде мен сіздерге жобаны 2026 жылы аяқтаймыз деп уәде берген болатынмын. Жоба аясында 110 шақырым жаңа су құбыры жүргізіліп, 3 169 абонентке ауыз су берілді. Әлеуметтік және коммерциялық нысандар да жаңа жүйеге қосылды. Енді аудан әкіміне келесі жылдың бюджетіне Қоғалы ауылының ауыз су құбырын жаңғыртуға өтінім әзірлеуді тапсырамын, — деді Б.Исабаев.
Жалпы, ауданда 63 елді мекеннің 59 елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Биыл Алтынемел, Көктал, Көксай ауылдарындағы ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ауыз су мәселесінің шешілгеніне қатысты тұрғындардың пікірін мынадай.
— Бұрын су мәселесі өзекті болған. Биыл су жаңа жүйеге қосылғалы, үздіксіз ағып тұр. Үйге газ тартылды. Сусыз оны қосу мүмкін болмас еді. Кір жуатын машина, басқа да техникалар жұмыс істеп тұр. Сарыөзекте тұрып жатқаныма отыз жылдан асты. Жұбайым аудандық ауруханада акушер маман болып жұмыс істейді. Өзім де сол ауруханада жұмыс істегенмін, қазір зейнеткермін. Көмір дайындау, от жағып, күл шығару қиындығынан құтылдық. Үйде жылу, су – барлық жағдай бар, — дейді Саоыөзек ауылының тұрғыны Қабікен Анықбаев.
— Біз осы жаңа тұрғын ауданда тұрып жатқанымызға алты жыл болды. Төрт жылдай судың қиындығын көрдік, флякпен тасыдық. Енді бұл мәселе шешілді, краннан су тоқтаусыз ағады. Газымыз үйге кіргізілген. Қазір қаладағы үйлердің жағдайынан бір мысқал кем емес жайлы жағадайда өмір сүріп жатырмыз, — деп пікір білдірді Шолпан Тынышбайқызы.
Сондай-ақ тұрғындардың өтінішіне сәйкес Малайсары бекетіндегі көп қабатты 4 тұрғын үйдің кәріз жүйесіне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар биылғы жылдың қараша айында аяқталады.
— Біз осы Малайсарыдағы кәріз жүйесінің мәселесін 2025 жылы облыс әкімінің алдында көтердік. Ол кезде аудан әкіміне осы мәселеге қатысты нақты тапсырма берді. Биылғы көктемде құрылыс жұмыстары басталды. Мердігер ұйым өкілдері қараша айында бітіреміз деді, — деп атап өтті Малайсары станциясының тұрғыны Марат Шымболатұлы.
Атап өтсек, биыл облыстың 11 елді мекенінде ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде, соның 8-інде жыл соңына дейін аяқталады, 3 елді мекендегі жұмыстар келесі жылы жалғасады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков,





























