Жетісу облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту және аумақтарды абаттандыру жұмыстары жалғасуда.
Облыста жыл сайын 220 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар түзіледі. 182 уақытша сақтау орны және 7 полигон жұмыс істейді. Қалдықтарды жинау және шығару қызметтерін 24 мамандандырылған ұйым көрсетеді. Қалдықтарды қайта өңдеу және сұрыптаумен жылдық жалпы қуаты 68,8 мың тоннаны құрайтын 6 кәсіпорын айналысады.
Саланы дамыту мақсатында коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама жаңа нысандар салуды, полигондарды рекультивациялауды және қалдықтарды қайта өңдеу көлемін ұлғайтуды көздейді.
Бірінші кезең аясында Сарқан және Үшарал қалаларында полигондар салу, сондай-ақ Текелі қаласындағы полигонды рекультивациялау жобалары әзірленді.
Ең ірі жоба Талдықорған қаласында қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және термиялық кәдеге жарату жөніндегі заманауи кешен салу болады. Жеке инвестиция көлемі 11 млрд теңге, 70 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Жоба Талдықорған қаласын, сондай-ақ оған іргелес Ескелді, Қаратал және Көксу аудандарын және Текелі қаласын қамтиды. Бұл аумақтарда жыл сайын шамамен 120 мың тонна қалдық түзіледі.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 2026 жылдың басынан бері 180 іс-шара өткізіліп, оған 100 мыңнан астам адам қатысты. 58 мың көшет отырғызылып, 9 мың тонна қоқыс шығарылды.
2026 жылы аумақтарды абаттандыруға 18,9 млрд теңге қарастырылған. Қаражат қоғамдық кеңістіктерді, аулаларды, балалар және спорт алаңдарын абаттандыруға, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеуге, арық желілерін дамытуға және көшелерді жарықтандыруға бағытталады.
Жыл соңына дейін облыста 121 мың көшет отырғызу жоспарлануда.
Кері байланыстың маңызды құралы болып «Таза Қазақстан» Telegram-боты қала береді. Telegram-бот іске қосылғаннан бастап
814 өтініш келіп түсті, оның 668-і орындалды, оның ішінде ағымдағы жылдың басынан бері 192 өтініш келіп түсті.





























