Әке мен бала: әкенің бала тәрбиесіне араласуы, қамқорлығы және қатысуы

3

«Мектепке дейінгі шағын орталығы бар Сайын Мұратбеков атындағы №9 орта мектеп» КММ-де отбасы құндылықтарын дәріптеу, әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру, сондай-ақ ата-ана мен бала арасындағы өзара байланысты нығайту мақсатында 2026 жылғы 9 қыркүйекте «Әке мен бала: әкенің бала тәрбиесіне араласуы, қамқорлығы және қатысуы» тақырыбында үлгілі отбасылармен кездесу ұйымдастырылды.

Кездесуге мектеп ата-аналары және үлгілі отбасы ретінде Шойбеков Берік пен Шойбекова Айгүл қатысты. Қонақтар өздерінің отбасылық тәжірибелерімен бөлісіп, бала тәрбиесінде ата-ананың алатын орны туралы тағылымды әңгіме өрбітті.

Іс-шара барысында әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі, балаға уақыт бөлу, қамқорлық көрсету, қолдау білдіру, отбасындағы өзара сыйластық пен жауапкершіліктің маңызы кеңінен сөз болды. Қонақтар өз өмірлік тәжірибелерін ортаға салып, жас ұрпаққа отбасы құндылықтарын бағалаудың, ата-ананы құрметтеудің және бір-біріне қолдау көрсетудің маңызын жеткізді.

Әке – отбасының тірегі, балаға бағыт-бағдар беретін тұлға. Әкенің тәрбиесі мен өнегесі – баланың болашағына салынған маңызды негіз. Бала үшін әкенің назары, қолдауы мен жылы сөзі оның тұлға ретінде қалыптасуына үлкен ықпал етеді.

Кездесу соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Тағылымды жүздесу барысында отбасы – адам өміріндегі ең басты құндылық екені, ал оның беріктігі әр отбасы мүшесінің сүйіспеншілігіне, жауапкершілігіне және өзара құрметіне байланысты екені атап өтілді.

Осындай тәрбиелік мәні зор кездесулер отбасылық құндылықтарды насихаттап, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтуға, әкенің бала тәрбиесіне белсенді араласуына және жас ұрпақтың бойында жауапкершілік пен сыйластық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз