Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Қырғыз Республикасында 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпиондарын қабылдады. Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен өңір спортшылары төрт күнге созылған 300 шақырымдық марафонда жеңімпаз атанды. Олар қашықтықты 19 сағат 30 минутта жүріп өтіп, қарсыластарын шамамен 1,5 сағатқа басып озды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Жолбарыс» командасын айтулы жеңісімен құттықтаған Бейбіт Исабаев команда басшылығына, жаттықтырушылары мен спортшыларына 3 млн теңге көлемінде ақшалай сертификат және Алғыс хаттар табыстады.
– Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте жеңіске жеткен топта жетісулық спортшылардың болуы – біз үшін үлкен мақтаныш. Сіздер төрт күн ішінде күрделі 300 шақырымдық қашықтықты еңсеріп, өздеріңіздің нағыз шебер, шымыр да төзімді, кәсіби мықты екендеріңізді дәлелдедіңіздер. Бәріңіз де ұлттық спорт түрлерін дамытуға зор үлес қосып келесіздер. Халықаралық деңгейдегі жарыстарда топ жарып, жаңа жеңістерге жетулеріңізге тілектеспін. Өз тарапымыздан алдағы уақытта да қолдау көрсетеміз, – деді өңір басшысы. Сондай-ақ ол спортшыларға, жаттықтырушылар мен команда құрамындағы барлық маманға өз алғысын білдірді.
Сол сияқты «Жетісу» ұлттық спорт түрлері бойынша кәсіби спорт клубының басшысы, «Жолбарыс» құрама командасының жетекшісі әрі жаттықтырушысы Рүстем Досжанов өздеріне көрсетілген қолдау үшін ризашылығын айтты.
– Жеңіске жеткеннен кейін менен жетістігіміздің сыры жайлы сұрағандар болды. Мен оларға жеңіске қолдаудың арқасында жеткенімізді айттым. Шынында да, біздің облыста ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді, түрлі деңгейдегі көптеген жарыстар ұйымдастырылады. Осының барлығы жалпы алғанда спортшыларымыздың сапалы дайындығын шыңдап, алға нық басуға жағдай жасап отыр, – деді ол.
Жеңімпаз спортшылар да жарыс барысындағы әсерлері жайлы айтты.
– 300 шақырымдық қашықтықты бағындыру оңай болған жоқ, оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Оның үстіне ауа райы бұзылып, жаңбыр жауып, артынан күн суытты. Ақтық мәреге ең алдымен командалық бірліктің, аттарымыздың төзімділігінің, оған қоса әрине, тыңғылықты дайындықтың арқасында қол жеткіздік. Меніңше, бұл – бір ғана команданың емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі, – деді команда капитаны Жарас Төлебай.
Атап өтсек, төрт күнге созылған 300 шақырымдық марафонға жалпы саны 8 команда қатысты. Қазақстан құрамасының «Жолбарыс» командасы сапында Жетісу облысынан 4 спортшы – Жарас Төлебай, Қанат Рейімбай, Ернар Ержан, Жақсылық Ыдырыс және Қостанай облысының спортшысы Ахмет Есен өнер көрсетті. Сондай-ақ команда құрамында құрама жетекшісі әрі жаттықтырушысы Рүстем Досжанов, ат бапкері Сабыржан Нұрсапа, жаттықтырушы Дінмұхамед Шалқарұлы және өзге де мамандар болды.
Еске салсақ, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан жарысқа қатысқан Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында Жетісу облысының 2 спортшысы өнер көрсетіп, жарыс нәтижесінде команда екінші орынға ие болды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев





























