2026 жылғы 7 қыркүйекте Отбасы күніне орай Алакөл ауданының «Жанұя» отбасын қолдау орталығы «Отбасылық мұрағат: менің отбасымның тарихы» атты тағылымды іс-шара ұйымдастырды.
Шара барысында 53 жыл отасқан Зайра апай мен Жеңіс атаның отбасына арнайы барып, сұхбат жүргізілді. Ерлі-зайыптылар отбасылық өмірі, еңбек жолы, құндылықтары мен өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, отбасы тарихынан сыр шертетін жәдігерлер мен естелік суреттерін таныстырды.
Кездесу барысында өзара сыйластық, түсіністік, сенім мен жауапкершіліктің отбасы беріктігіндегі маңызы айтылып, жас отбасыларға ақыл-кеңестер берілді. Шара соңында Жеңіс ата ақ батасын беріп, отбасыларға береке мен бірлік тіледі.



























