Жетісу облысы құрылғаннан бері Текелі қаласында сумен және газбен жабдықтау, жолдарды жөндеу, апатты тұрғын үйлерді жою сияқты бірқатар жүйелі мәселелер шешімін тапты. Бұл туралы өңір басшысы Бейбіт Исабаев Текелі қаласының жаңа әкімін таныстырған актив отырысында айтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Біріншіден, сапалы сумен қамтамасыз ету мәселесі. Бұл мәселені шешу мақсатында соңғы жылдары жаңа ұңғымалар бұрғыланып, су қоймалары мен сүзгілеу станциялары салынды, магистралды су құбырлары тартылды.
– Текелі қаласында ауыз судың сапасы соңғы 20-25 жыл бойы өткір тұрған мәселе болды. Осыған байланысты тұрғындар маған үнемі жүгініп, шағымдарын айтып жүрді. Сондықтан соңғы жылдары бұл мәселені шешу бағытында бірқатар шаралар қабылданды. Енді соңғы кезеңі – қала ішіндегі су желілерін жөндеу жұмыстары қалды. Қажетті қаражат қарастырылған, сондықтан келесі жылдың, яғни 2027-2028 жылғы жылыту маусымына дейін Текелі қаласындағы су мәселесі түпкілікті шешіледі. Сондай-ақ кәріз желілерін реконструкциялау жұмыстары қатар жүргізілуде. Оған қоса кәріздік-тазарту нысанын салу жоспарланған, – деді өңір басшысы.
Екінші, тағы бір шешімін күткен өзекті мәселе қаланы газдандыру болған. 2023-2025 жылдары Текелі қаласына газ жеткізілді. Атап айтқанда, 194,2 шақырым газ тарату желісі салынып, 187 көпқабатты тұрғын үйге газ желілері тартылды. Соның нәтижесінде 30 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді.
Үшінші бағыт — апатты тұрғын үйлер мәселесін шешу. Облыс құрылған кезде Текелі қаласында 22 апатты көпқабатты тұрғын үй болған. Бүгінде бұл мәселе толық шешіліп, апатты деп танылған үйлердің тұрғындарына 212 пәтер берілді. Жалпы, соңғы төрт жылда Текеліде 120 пәтерлі үш көпқабатты тұрғын үй салынды. Қазіргі уақытта әрқайсысы 60 пәтерден тұратын екі үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 84 отбасы үшін тұрғын үй сатып алынды. Бұл ретте атап өтсек, осы кезеңде Текелі қаласында 21 үйдің шатыры жаңартылып, 8 үйдің қасбеті жөнделді, 10 аула абаттандырылып, 27 балалар ойын және спорт алаңы салынды.
Төртінші бағыт – жолдарды жөндеу. Текелі қаласында Қазақстандағы ең ұзын көшелердің бірі – Д. Қонаев атындағы көше жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, басқа да жолдар жөнделіп, 31 көшеге жарықтандыру бағаналары орнатылды.
– Біз бірлесіп ондаған жыл бойы шешілмей келген жүйелі мәселелерді шештік. Осылайша, халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін осы төрт күрделі инфрақұрылымдық жобаны толық жүзеге асырдық, – деп атап өтті Б. Исабаев.
Өңір басшысы инвестордың өз қаражаты есебінен Текелі энергокешенін кеңейту жобасы жүзеге асырылып жатқанын да айтты. Бұл қала тұрғындарын электр және жылу энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Атап өтсек, қазіргі кезеңде нысанның белгіленген қуатының жиынтық өсімі 53 МВт-ты құрады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев





























