«МЕКТЕПКЕ НЫҚ ҚАДАММЕН!»: ЖЕТІСУЛЫҚ БАЛАЛАРҒА ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ

1

Жетісу облысында «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Мектепке нық қадаммен!» қайырымдылық акциясы өтті.

Акцияның негізгі мақсаты – көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезінде қолдау көрсету, олардың сапалы білім алуына қажетті жағдай жасауға үлес қосу.

Акция аясында өңірдің аудан-қалаларында «Әділет» партиясы филиалдарының өкілдері әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларын қамтып, оларға жаңа оқу жылына қажетті мектеп құралдары мен оқу-жабдықтарын табыстады. Осылайша, балалардың оқу жылын алаңсыз бастауына мүмкіндік беретін нақты көмек көрсетілді.

Игі бастамаға демеушілер де қолдау білдірді. Кәсіпкерлер, жеке азаматтар мен белсенді тұрғындар балаларды қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етуге өз үлестерін қосты.

Нәтижесінде акция аясында 1 мыңнан аса балаға қолдау көрсетілді. Олардың қатарында көпбалалы, аз қамтылған және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балалары бар.

Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай әлеуметтік бастамалардың маңызы ерекше. Себебі баланың мектепке дайындық кезеңіндегі қажеттіліктерін қамтамасыз ету – отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан, әрбір баланың білім алуға деген мүмкіндігін қолдаудың маңызды тетіктерінің бірі.

«Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалы алдағы уақытта да әлеуметтік бағыттағы бастамаларды жалғастырып, тұрғындардың, әсіресе балалар мен жастардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыра бермек.

Жаңа оқу жылы – әр бала үшін жаңа мүмкіндік пен жаңа белестің бастауы. Ал оған көрсетілген қолдау – баланың болашағына жасалған маңызды инвестиция.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз