Алматы облысында коронавирус індетін жұқтырғандар санының азаюына байланысты медициналық мекемелерде инфекциялық стационарлардағы төсек саны 50 пайызға қысқарды. Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Ниязбеков Өмірзақ Әбілсейітұлының айтуынша, вакцина салдырушылар қатарының артуы індетттің алдын алуға септігін тигізуде. Сонымен қатар басқарма басшысы тұрғындар арасында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін  облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызметкерлерімен бірлесе жұмыс атқарып отырғанын жеткізді.

— Облыстағы инфекциялық стационарлар жүктемесінің төмендеуіне байланысты төсек саны 4795-тен 2460-қа дейін, реанимациялық төсек саны 410-нан 256-ға дейін қысқартылды. Бүгіннен бастап Талдықорған қаласындағы облыстық аурухана штаттық режимдегі жұмысына қайта көшті. Осы уақытқа дейін облыстық аурухана тек коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдарды ғана қабылдайтын инфекциялық аурухана ретінде жұмыс істеп келген болатын. 7 маусымнан бастап ауруханадағы неврология, урология, хирургия, нейрохирургия, терапия, офтальмология, гематология, эндокринология, нейрохирургия, травматология сияқты бөлімшелер науқастарды қабылдауға толықтай дайын, — деді  басқарма басшысы.

Айта кетейік, 7 маусымдағы жағдай бойынша облыста КВИ зертханалық расталған 26 448 жағдай тіркелген. Оның ішінде симптомдармен 16 582 адам. Соңғы тәулікте КВИ 54 жағдайы тіркеліп, өсу қарқыны – 0,2%. Оның  28 симптомдық және 26 симптомсыз жағдай. Облыс бойынша КВИ өсу қарқыны соңғы 2 аптада 0,4%-дан 0,2% — ға дейін азайған. КВИ анықталған 54 жағдайдың 13-і 14 жасқа дейінгі балалар. Сонымен қатар 7 маусымға 25 324 науқас сақайып шықса, бір тәулік ішінде стационардан 21 пациент, 9 адам үй оқшаулауынан шығарылған.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK