Бүгін Талдықорғанда еркін күрестен жастар арасында республикалық турнир басталды. «Жастар» спорт кешенінде өтіп жатқан айтулы додаға еліміздің әр өңірінен 17 команда, 200-ден астам спортшы келді.

Жарыс ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, әрі ҚР Еңбек сіңірген жатықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, КСРО чемпионы Аманжол Бұғыбаевтың жүлдесіне арналып отыр. Еркін күрес балуандары сайысының ашылу рәсімінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқарамасының басшысы балуандарға сәттілік тіледі.

«Бұл турнир облыс әкімдігінің қолдауымен жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Жас балуандарымыз келешекте Аманжол ағамыздың ізін қуып, әлемдік ареналарда еліміздің абыройын асқақтататынына сенімім мол. Сендерге сол кісінің жолын берсін», — деді Нұрбақыт Теңізбаев өзінің құттықтау сөзінде.

Аманжол Күнболатұлы – (1944ж) Алматы облысы, Сарқан ауданы, Алмалы ауылының тумасы. Ба­ла­лық шағы Басқан өзенінің жа­­ғалауында өтті. Қазақтың та­ғы бір даңқты түйе балуаны Әбіл­­сейіт Айханов та дәл сол Алмалыдан шыққан. Екеуінің арасы алты жас. Ауыл­дас ағасына еліктеген Аман­жол балуандық өнер­дің қыр-сырына қанығу үшін орта мек­тепті аяқтаған бетте әсем қала – Алматыға аттануға бел буған. Сонда жүріп өзінің атын шығарды. Еркін күрестен Қазақстанның 11 дүркін чемпионы болды.

А.Бұғыбаев кейін үлкен спорттан кетсе де күрестен алыстаған жоқ. Ол Мәулен Мамыров, Ислам Байрамуков, Магомед Куруглиев сынды олимпиада жүлдегерлерін шыңдап шығарды. Сонымен қатар, халықаралық жарыстарда еліміздің намысын қорғаған Алматы облысының спортшыларын дайындап, еркін күреске үлкен үлес қосқан.

Жарысқа балуандар жақсы дайындықпен келген. Барлығы да жеңістен үмітті. Солардың бірі еркін күрестен спорт шебері – Бекзат Үркімбай. Нұр-Сұлтан қаласының намысын қорғайтын балуан 92 келі салмақта боз кілемге шықпақ.

«Күреспен айналысып жүргеніме 10 жыл болды. Болашақта осы Аманжол Бұғыбаев ағамыз секілді биік шыңдардан көрінгім келеді. Қазір дайындығым жақсы. Алдағы уақытта Азия, Әлем чемпионаттарына баруды көздеп жүрмін» — дейді ол.

Жалпы, жастар үшін бұл турнирдің маңыздылығы зор. Егер олар осы жарыста жақсы нәтижесімен, шеберліктерімен көзге түсіп жатса, алда болатын әлем біріншілігіне қатысу мүмкіндігі жоғарлайды.

«Биыл тамыз айында Ресейдің Уфа қаласында еркін күрестен жастар арасында әлем чемпионаты өткелі отыр. Соған қазір дайындықты бастап кеттік. Осы турнир арқылы жас балуандарымыздың деңгейін бақыламақпыз. Мұнан бөлек, республикалық оқу жаттығуымыз болады. Ол жерде де спортшылардың шеберліктерін салыстырамыз. Кейін үздіктерін іріктеп, соларды әлем біріншілігіне апару жоспарымызда бар», — дейді еркін күрестен жастар арасындағы аға жатықтырушы Мадияр Құрамысов.

Жарыс 4 маусым күні аяқталады. Оған дейін балуандар 10 салмақ дәрежесі бойынша (57-ден 125 келіге дейін) боз кілемге шығып, өзара кіл мықтыны анықтайтын болады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK