Жетісу облысында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасымен өңірдегі сегізінші өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Бұл бастама азаматтық қорғау жүйесін дамытуға және ауылдық жерлердегі өрт қауіпсіздігі деңгейін едәуір арттыруға бағытталған, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен аудандық бюджет қаражаты есебінен салынған жаңа өртке қарсы қызмет нысаны Панфилов ауданының Айдарлы ауылында пайдалануға берілді. Өрт сөндіру бекеті Айдарлы, Дарбазақұм және Сарпылдақ ауылдарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Аталған үш елді мекенде шамамен 2500 адам тұрады.
«Өрт сөндіру бекетінің ғимаратында қажетті қызметтік және тұрмыстық үй-жайлар қарастырылған. Яғни диспетчерлік бөлме, жеке құрамның демалу және тұру бөлмелері, сондай-ақ өрт сөндіру техникасына арналған бокс бар. Бөлімше штаттық қызметкерлермен толық қамтылған, арнайы киім-кешекпен, заманауи байланыс құралдарымен және қажетті техникамен жабдықталған. Сонымен қатар бекетке іргелес аумақта абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл нысанның іске қосылуы шалғай ауылдық аумақтардағы төтенше жағдайларға ден қою уақытын едәуір қысқартып, тұрғындардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Адамбек Оразалинов.
Салтанатты ашылу рәсімінің соңында жобаны іске асыруға белсенді үлес қосқан қатысушылар мен ауданның өртке қарсы қызметінің үздік қызметкерлері марапатталды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді Жетісу облыстық ТЖД ұсынды





























