Жетісу облысында апатты тұрғын үйлер мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. 2022–2024 жылдар аралығында Талдықорған қаласында 119 пәтері бар 18 апатты тұрғын үй анықталды. Бүгінге дейін сол үйлердің тұрғындарына 118 пәтер берілді. Солардың қатарында бүгін жаңа баспананың кілтін алған 17 отбасы да бар, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңа баспанаға ие болған отбасылар «Береке» коттедж қалашығынан, сондай-ақ «Жастар-1/1» және «Жастар-3» шағын аудандарынан жаңа баспанаға ие болды. Қоныс тойымен тұрғындарды Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл құттықтады.
Қала әкімі өз сөзінде тұрғындарды жайлы әрі қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету Мемлекет басшысы айқындаған мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін және бұл мәселе облыс басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті.
Қоныс иелерінің қатарында 81 жастағы Жанатай Сүгірбаева да бар. Ол 20 жылдан астам уақыт апатты үйде тұрған. Жаңа пәтердің кілтін алған қария көпшілікке ақ батасын беріп, елге амандық, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа жарқын болашақ тіледі.
Қала тұрғыны Наталья Дроздова да ой бөлісті.
– Соңғы жылдары Талдықорған қаласының қалай көркейіп келе жатқанын айқын байқап жүрміз. Қала қарқынды дамып, бұрынғыдан да әсем әрі жайлы бола түсті. Біз бүгін үлкен қуаныш үстіндеміз. Себебі 40 жыл бойы апатты үйде тұрдық. Әсіресе соңғы он жылда апатты үйде тұру барған сайын қиындай түсті. Енді, міне, өзіміздің қауіпсіз әрі жайлы баспанаға ие болдық. Халықтың қамын ойлап, осындай қолдау көрсетіп жүрген барша азаматтарға шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді Наталья Михайловна.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.





























