Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында Жетісу облысындағы Достық үйінде «Әлем халықтарының әдебиеті – бір кітапханада» атты этнокітапхана ашылды.
Жоба кітап оқу мәдениетін дәріптеуге, әлем халықтарының әдеби мұрасын кеңінен насихаттауға және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған.
Аталмыш этнокітапхана қорында әртүрлі тілдегі көркем, тарихи және ғылыми-көпшілік әдебиеттер жинақталған. Мұнда әдеби кездесулер, кітап таныстырылымдары, тақырыптық көрмелер мен өзге де мәдени-ағартушылық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Этнокітапхананың ашылу рәсімі аясында Жетісу облысының этнокартасының таныстырылымы өтті. Онда өңірдің этникалық құрамы, этномәдени бірлестіктердің қызметі және облыстағы түрлі этностардың мәдени ерекшеліктері қамтылған.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің әдістемелік қолдауымен жүзеге асырылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі





























