Жетісу облысы: қабылданған шаралардың арқасында Талдықорғанда биыл жылу желілерінің тозуы 11%-ға төмендейді

Талдықорған қаласында 2022–2025 жылдар аралығында 25,1 шақырым жылу желісіне күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасуда. Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Жансүгіров көшесіндегі магистралды жылу желілерінің жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Атап өтсек, бұл жобаны іске асыру жылу желілерінің тозуын 11%-ға төмендетуге мүмкіндік береді,  — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы Жансүгіров көшесіндегі Гагарин көшесінің қиылысынан №3 сорғы стансасына дейінгі аралықта орналасқан магистралды жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына мониторинг жүргізді. Жөнделіп жатқан учаскенің жалпы ұзындығы 3,5 шақырым.

Белгілі болғандай, аталған жұмыстар биылғы жылдың мамыр айының аяғында басталған. Жобаны толық аяқтау қыркүйек айының соңына жоспарланған. Мердігер ұйым барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтап, тамыз айында жол жамылғысын қалпына келтіріп, асфальт төсеуді міндетіне алған. Қазіргі таңда 1,5 шақырым жылу желісі жаңартылды.

Өңір басшысы Бейбіт Исабаев жұмыс барысында техникалық талаптар мен қауіпсіздік нормаларының қатаң сақталуына ерекше назар аударып:

– Құбырлар 1980-жылдары салынған, сәйкесінше олардың пайдалану мерзімі әлдеқашан аяқталған. Жөндеу кезінде дәнекерлеу жұмыстары сапалы болуы тиіс. Жалпы, тек құбырларды ауыстыру ғана емес, жылу беру маусымы басталғанға дейін бүкіл жүйенің жұмысын қамтамасыз ету керек. Жүйе тұрғын үйлерге жылуды үздіксіз жеткізіп тұруы тиіс. Ең алдымен, жылыту маусымы басталғанға дейін желілердің дайындығын тексеру үшін қысыммен сынау жұмыстарын жүргізу керек. Барлық негізгі жұмыстар аяқталғаннан кейін жол бөлігін, тротуарлар мен жол таңбаларын тиісті қалыпқа келтіріңіздер, – деді Бейбіт Исабаев. Ол қала әкіміне жөндеу жұмыстарының барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Жалпы, биыл Талдықорған қаласында 10,3 км жылу желісі жөнделеді.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз