Жетісу облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XXII маусымының салтанатты ашылуы өтті. Облыс құрылғаннан бері аталған бағдарлама аясында маусымдық жұмыспен шамамен 2 мың жас қамтылса, биыл студенттер мен жұмыссыз жастар қатарынан 630-дан астам адам жұмысқа тартылады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Талдықорған қаласында өткен кезекті еңбек маусымының ашылу рәсіміне «Жасыл ел» жасақтарының сарбаздары, қалалық және аудандық жастар ресурстық орталықтарының басшылары, белсенді жастар мен студенттер, сондай-ақ еріктілер ұйымдарының өкілдері қатысты. Іс-шараны «Jetisu jastary» облыстық жастар орталығы ұйымдастырды.
«Jetisu jastary» КММ басшысының орынбасары Арнай Байжүрінов:
– «Жасыл ел» бағдарламасы жастарды еңбекке баулуда, олардың патриоттық рухын нығайтуда және қоғамдық белсенділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Осы бағдарлама аясында өңірімізде жұмыссыз жастарды, ауыл жастарын және NEET санатындағы жастарды қолдау мен жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар «Жасыл ел» жасақтарының сарбаздары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасын жүзеге асыруға елеулі үлес қосып келеді. Мәселен, олар 3,5 мың түп ағаш көшетін отырғызып, 250 шақырым арық жүйесін тазартты, сондай-ақ 130 тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтарды жинап, арнайы полигондарға шығарды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Маусым барысында «Жасыл ел» жобасы аясында 635 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр, – деді ол.
Өз пікірлерімен еңбек жасақтарының сарбаздары да бөлісті.
– Мен «Жасыл ел» еңбек жасағына биыл алғаш рет қатысып отырмын. Мұндағы жұмыс қоршаған ортаға ұқыпты қарауды үйретеді. Туған табиғатты қорғау мен аялаудың қаншалықты маңызды екенін тереңірек түсіне бастадым. Бұл бағыттағы тәжірибем өзгелерге де пайдалы болады деп ойлаймын, – деді Омар Әбдікәрім.
– «Жасыл ел» бағдарламасына қатысқаныма алты күн болды. Мұндай таңдау жасағаныма өте қуаныштымын. Себебі жобаға қатысу арқылы өзімді жан-жақты дамытуға мүмкіндік алып отырмын. Жаңа адамдармен танысып, туған қалама іс жүзінде пайдам тиетініне қуаныштымын, – дейді бағдарлама қатысушысы Аяулым Асхатқызы.
Сол сияқты облыстық «Жасыл ел» еңбек жасағы филиалының директоры Аманжол Оразалиев:
– Бүгінде біздің штабтың құрамында 265 қатысушы бар, олардың саны тұрақты түрде артып келеді. Мен штабқа жетекшілік еткеніме төрт жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында экологиялық жұмыстармен қатар, қарт адамдардың аулаларын тазалауға тұрақты түрде көмектесіп жүрміз. Мұндай игі бастамалар жастарды үлкендерді құрметтеуге тәрбиелейді. Жалпы, «Жасыл ел» бағдарламасы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, оларды қоғамдық өмірге белсенді тартуға және әлеуметтік маңызы бар жобаларға қатыстыруға бағытталған, – деді ол.
Маусымның салтанатты ашылу рәсімі облыстық филармония өнерпаздары мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты.
Іс-шара соңында қатысушылар өткізілген орын аумағын тазалау бойынша экологиялық акция ұйымдастырды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов, сол сияқты «Jetisu jastary» КММ архивінің фотосуреттері пайдаланылды.





























