Жетісу облысында жыл басынан 101 келіден астам есірткі тәркіленді

4

Жетісу облысының Полиция департаменті есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша 2026 жылдың алғашқы 5 айында атқарылған жедел-қызметтік жұмыстардың нәтижесін ұсынды. Есепті кезеңде аймақта есірткіге қатысты 79 құқық бұзушылық тіркеліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (75 факті) өсім байқалған. Оның ішінде 42-сі – нақты есірткі қылмыстары.

Қылмыстардың құрылымына тоқталсақ, есірткі сатудың 30 фактісі, аса ірі мөлшерде сақтаудың 6 дерегі, есірткіні насихаттау мен жарнамалаудың 3 жағдайы және шегілмейтін темекі бұйымдары мен электрондық темекілердің заңсыз айналымына қатысты 1 факті тіркелді. Сонымен қатар, ҚР ҚК 297-1-бабы бойынша есірткі өндірудің 2 дерегі анықталды. Есірткіге қатысты теріс қылықтар саны да артып, 37 фактіні құрады.

Жыл басынан бері заңсыз айналымнан барлығы 101 кг 488,19 грамм әртүрлі есірткі заты тәркіленді. Заттардың негізгі бөлігі марихуана, гашиш, синтетикалық есірткілер, қарасора тұқымды өсімдіктер. Заңсыз әрекеттері үшін 17-54 жас аралығындағы 49 азамат ұсталып, оның ішінде 5-еуі есірткі жасырушы екені белгілі болды. Қазіргі уақытта 57 қылмыстық іс сотқа жолданды.

Жедел-іздестіру шаралары барысында Талдықорған қаласында «ішкі бақылау жеткізу» әдісімен 3 ірі операция сәтті жүзеге асып, ірі көлемде есірткі тасымалдаған күдіктілер құрықталды. Сонымен қатар, облыс орталығында 2 жасырын есірткі зертханасы жойылды. Тінту жұмыстары нәтижесінде заңсыз айналымнан 1 кг 340 грамм «мефедрон» синтетикалық есірткісі алынып, шетелдік азаматтар ұсталды.

Полиция қызметкерлері интернет кеңістігін тазарту бағытында да ауқымды жұмыс атқарды. «Кибербақылау» жүйесі арқылы 1172 есірткі сайты анықталып, бұғатталды. «Антифрод-орталығы» арқылы жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам қаражаты бар 323 банктік шот құлыпталды. «Аргус» бағдарламасының көмегімен 22 187 шетелдік шот пен 5287 крипто әмиянды, сондай-ақ 24 Телеграм-каналды бұғаттауға сұраныс жолданды.

Биыл заңды айналымдағы есірткілік заттардың бақылануын тексеру мақсатында «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасының 1-кезеңі өтті. Тексерумен 22 кәсіпкерлік және денсаулық сақтау субъектісі қамтылып, 13 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Нәтижесінде заңсыз айналымнан құрамында есірткі бар 2170 ампула, психотроптық 6791 ампула дәрілік препараттар және 23 тонна 258 кг «тұз қышқылы» прекурсоры тәркіленді.

Сонымен қатар, 1 маусым мен 31 қазан аралығында өтетін дәстүрлі «Қарасора-2026» республикалық операциясына дайындық шаралары толық аяқталды. Жабайы қарасора өсетін алқаптар мен плантацияларды әуеден анықтау мақсатында Облыс әкімдігі тарапынан тікұшақ қызметіне 31 млн 113 мың теңге бюджет қаражаты бөлініп, арнайы ұшу маршруттары бекітілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аймақта есірткіге тәуелді 230 адам ресми есепте тұр, олардың 71-і – 18 бен 34 жас аралығындағы жастар.

Жедел бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жеке құрамын жасақтау және бос лауазымдарға кандидаттарды іріктеу шаралары жалғасуда.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз