Егемендік – ұлт рухының мәңгілік символы. Ал сол рухты айқындайтын, елдіктің еңсесін тіктейтін басты нышандар – Мемлекеттік рәміздер. Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы және Әнұраны 1992 жылдың 4 маусымында ресми түрде қабылданып, бұл күн мемлекет тарихындағы маңызды белеске айналды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Сондықтан біз осы мейрамға орай жыл сайын көк Туымызды биікке көтереміз. Бабаларымыз «Туыңды тік ұста!» деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу – баршаға ортақ парыз»-деп мән-маңызы айрықша мереке екеніне тоқталған болатын.
Еліміз тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап, егемен мемлекет ретінде өзінің даму жолын қалыптастырды. Сол кезеңнен бері бәсекеге қабілетті экономиканың іргетасы қаланды. Даму жолындағы реформалар жүйелі түрде жалғасып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Сол құндылықтардың бір көрінісі Мемлекеттік рәміздермен астасып жатыр. Бұл ұлттың өткені мен бүгіні, болашағы арасындағы тарихи сабақтастықты жалғап тұрған киелі тұғыр. Бүгінгі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде көк байрағымыз көкке көтеріліп, Елтаңбамыз құрметпен бейнеленіп, Әнұранымыз асқақтата шырқалып жүр. Мерекеге орай аймағымызда ел көлеміндегі «Рәміздерім – мақтанышым!» Мемлекеттік Ту көтеру салтанаты өтіп, қала тұрғындары мен қонақтары, мәслихат депутаттары, мемлекеттік және әскери қызметшілер, қоғам белсенділері қатысты. Биыл бұл мереке Жетісу облысында ерекше мазмұнда аталып өтуде. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай өңірде «35 ауыл – 35 Ту тұғыр» атты бірегей патриоттық жобасы жүзеге асырылды. Аталмыш бастама аясында аудан-қалалардағы 35 елді мекенде бір мезетте телекөпір байланысы арқылы 35 жаңа ту тұғыры ашылып, Ту көтерілді. Облыс көлемінде кеңінен атап өтілген патриоттық іс-шараларға жалпы саны 3,5 мыңға жуық адам қатысты, оның мыңнан астамы облыс орталығында жиналды. Бұл игі бастама жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға, мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін дәріптеуге және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған маңызды қадамның бірі. «Мен «Жасыл ел» жастар экологиялық қозғалысының мүшесімін. Бүгін Мемлекеттік Рәміздер күніне арналған шараға қатысуға келдім. Бұл мерекенің біз үшін маңызы зор. Өйткені рәміздер — бізді тарихымызды қадірлеуге, Отанға деген сүйіспеншілікті еселеуге үйрететін еліміздің символы», — деді Талдықорғандағы № 12 мектеп-гимназиясының оқушысы, волонтер Аяулым Асхатқызы.





























