Талдықорған қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі қалалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынды комиссия төрағасы Ілияс Сағымбеков ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды.
Басқосуда қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – әйелдер арасындағы қылмыстың алдын алу, оның себептері мен шешу жолдары, сондай-ақ әлеуметтік қолдау көрсету жайы кеңінен талқыланды. Аталған мәселе бойынша Талдықорған ҚПБ ҚҚБ инспекторы,полиция аға лейтенанты Бағдат Айзат баяндама жасап, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Талдықорған қаласында 206 мың 670 тұрғын бар болса, соның 108 мың 200-ін әйелдер құрайды. Қала көлемінде республикалық,облыстық деңгейдегі «Профилактика», «Құқықтық тәртіп», «Тұрмыс» атты алдын алу шаралары мен «Сіздің құқығыңыз қорғалады!», «Әйел-отбасы шырағы», «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!», «Бақытты отбасы-бақытты ел», «Біз-зорлық-зомбылыққа қарсымыз!», «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акцияларын өткізу жүйелі жүзеге асырылып келеді. Бұл қоғамдағы әйелдердің рөлі мен жауапкершілігінің айрықша маңызды екенін көрсетеді. Қазіргі уақытта әйелдерге қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр. Әсіресе, отбасы құндылықтарын сақтау, аналардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жастарға дұрыс тәрбие беру – маңызды бағыттардың бірі. Ол үнемі жауапты сала мамандарының назарында.Десек те,жыл басынан бері әйел адамдардың қатысуымен 86 қылмысты оқиға тіркелген.9 қылмыс отбасылық – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты болған. Жетісу облысы бойынша Талдықорған қаласындағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне наурыз айында 38 адам орналасқан. Оның 11-і әйел, 27-сі бала. Ағымдағы жылы осы орталықтың «1301» сенім телефонына психологиялық,құқықтық және әлеуметтік көмек алуға барлығы 40 әйел жүгінген. Қоғамда жанашырлық пен сыйластық үстемдік құрған жерде тәртіп те, тұрақтылық та нығая түседі. Комиссия отырысында оның мүшелері тарапынан әйелдерді әлеуметтік қолдау, психологиялық көмек көрсету, қиын жағдайға тап болған отбасылармен жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыру, олардың құқықтарын қорғау және қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болды. Комиссия отырысында «АМАNАТ» партиясының «Әйелдер қанаты» жобасы жайлы да түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әйелдер құқығын қорғауға қатысты профилактикалық іс-шаралар туралы Талдықорған қалалық мәслихат депутаты Гүлниса Тұлымшақова баяндады. Барлық баяндамашылар есебі мен комиссия мүшелері тарапынан көтерілген келелі бастамалар толығымен назарға алынды.Осындай игі шаралар қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтып, отбасы институтының беріктігін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.
Гүлжанат Нұршанова





























