Ұлттық кітап күні: парасат пен пайым

4

«Кітап дегеніміз алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа арнап қалдырған рухани өсиеті, қаусаған қарттың өмір есігін жаңа ашқан жасқа өлер алдында айтқан ақылы, тынығуға кеткен сақшының өз орнына келген сақшыға берген бұйрығы болып табылады». Ол тірі ағза іспетті, өз «жаны» бар тұтас бір ой әлемі. Ұлы ойшыл Абай да білім мен ізденістің мәнін терең түсіндіріп: «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге. Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге»-деп өсиет етіп кетті.  Рухани қазынаның қайнар бұлағы өзінің құндылығын жоғалтқан емес. Мемлекет басшысы қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру туралы бастама көтеріп, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітілді. Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұл — білімпаздық, ізденімпаздық, кітапқұмарлық сияқты игі қасиеттерді дәріптейтін күн. Кітап оқыған ұрпақ озық ойлы болады. Сапалы ұлт осындай құндылықтар арқылы қалыптасады», – деп атап өтті.

Қазіргі таңда қайығының  желкенін руханиятқа қарай бағыттап, кітап толқынында тербеліп жүрген замандастар қатары артуда. Яғни, жастар арасында жеке кітапхана жасақтау, оқырман клубын ұйымдастыру, кітап дүкенін ашу үрдісін байқап жүрміз. Бұл  қоғамда ізгі тенденцияның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Ендеше кітапқа деген сүйіспеншілікті өмір салтына айналдырғандар пікіріне құлақ түріп көрелік…

Сая Нұрболатова, «saybooks.kz» кітап дүкенінің негізін қалаушы:

Желтоқсан айында өз арманымды кішкентай қадамнан бастап, ең әуелі онлайн форматта, екі айдан кейін оқырмандарымызбен жақынырақ болу үшін кітап дүкенімізді аштық. Негізгі мамандығым — мұғалім. Сондықтан кітаптың адам өміріндегі орны мен құндылығын терең түсінемін. Дүкенімізде әр оқырман өзіне керегін таба алады: көркем әдебиеттен бастап мотивациялық, психология, балалар әдебиеті және басқа да түрлі жанрлар кеңінен қамтылған. Әр кітапты ерекше ықыласпен, шетелдегідей эстетикалық талғаммен әдемі қаптап ұсынамыз. Себебі кітап тек мазмұнымен ғана емес, сыртқы көрінісімен де шабыт сыйлауы тиіс деген ойдамын. Сонымен қатар, бізде ерекше формат «Құпия кітап» бар. Егер нақты не оқитыныңызды білмей тұрсаңыз, кітапты қысқаша 1-2 сөйлемдік сипаттама арқылы таңдай аласыз. Бұл оқырман үшін тосын сый мен жаңа әсер сыйлайтын ерекше тәжірибе.  Бізде барлық қажетті дүниелер бар: кітап жиынтықтары, белгілеу құралдары, қойындәптер, жарық шамдары, өзге де аксессуарлар бір жерде.

 

Аймарал Даулетбекқызы мен Жазира Маратқызы, «Майшам» кітап клубының жетекшілері: Біздің таныстығымыз ортақ қызығушылықтан бастау алған ерекше байланыс, басты құндылық кітапқа деген сүйіспеншілік. Әдебиетке деген ынта, жаңа ойлармен бөлісуге деген ұмтылыс өзара түсіністікке негіз болды. Бұл бірлік тек кездейсоқ таныстықтың нәтижесі емес, рухани үндестік пен идеялық жақындықтың көрінісі. Аталған бастаманың авторы – Аймарал Даулетбекқызы. Ол бұл ойды екі жыл бойы толғанып, саралап ұсынды. Ұзақ уақыт бойы ізденіс пен талпыныстың нәтижесінде дүниеге келген бұл идея  тек жеке бастама емес, ортақ мақсатқа айналған жоба. Осылайша, ортақ құндылықтар мен мақсаттар тоғысқан тұста серіктестігіміз басталды. Қазіргі таңда бірлескен еңбегіміз жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, кітапқа деген қызығушылықты кеңінен насихаттауға бағытталған. «Майшам» — бұл жай ғана атау емес, ол терең мағынаны өзімен бірге алып жүретін символ. Майшам — қараңғылықта жылулық пен жарық сыйлайтын кішкентай от. Кітап клубының атауын осылай қоюдағы  мақсатымыз  дәл сол сияқты, айналасына нұр шашу, ойлы сөзбен, ізгі іспен адамдардың жүрегіне жылу ұялату. Бұл біз үшін жарыққа ұмтылған ойдың, жүректен шыққан сөздің және адамдарды біріктіретін жылулықтың бейнесі. «Майшам» клубының мақсаты — тұлғалық және рухани дамуға ұмтылатын, бір-біріне қолдау көрсететін қыздар қауымын біріктіру. Қыздардың оқыған кітаптары сөресінің сәні болып қана қалмай, ой бөлісу арқылы  өмірінің әдемі бір сәтіне айналуына себепші болу. Ерекшелігіміз тек қана қыздарға арналған, ай сайын кездесу соңында бір хобби, бейресми кездесулер, поэзия кештері, театрға бірге бару және ой бөлісулер, кітап алмасу, кішігірім тосынсыйлар мен арнайы қонақтар.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз