Электр қуатының құны қымбаттай ма?

4

Өткен жылдың қазан айынан бастап, 2026 жылдың 1 тоқсанының соңына дейін елімізде барлық тұтынушылар үшін коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеруге шектеу енгізілген болатын. Шектеу мерзімі аяқталысымен коммуналдық қызмет көрсетуші компанияларға қайтадан бағаларын көтеруге мүмкіндік беріледі. Алайда, жаңа тарифтер бірден қолданысқа енгізілмейді. Алдымен, жеткізуші монополистер ұсыныстарын табиғи монополияларды реттеу департаментіне жолдап, қарастыру процесі басталады. Ол да бірнеше аптаға созылады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті – монополиялық қызметтерге тарифтерді реттеу, бақылау және тұтынушылардың құқықтарын қорғаумен айналысатын бірден бір мемлекеттік орган болып табылады. Аталған мекеме Талдықорған қаласында орналасқан және өңірдегі коммуналдық қызметтер (су, жылу, электр) бағасын қадағалауды жүзеге асырып келеді.

Табиғи монополия субъектілерінің қызметтеріне тарифтерді бекіту және өзгерту, монополистердің қызметін бақылау, Табиғи монополиялар сала-сындағы заңнаманың сақталуын қадағалау, монополиялық нысандардың қызметі туралы есептерін қарау да мекеме құзырына кіреді. Осы аптада Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті «ТАТЭК» акционерлік қоғамының «Электр қуатын жабдықтау және сату» филиалының электр энергиясын бөлшек саудада өткізу қызметі бойынша жария тыңдау ұйымдастырды. Оған Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы, мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша аумақтық департаменті өкілдері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес өкілдері мен кәсіпкерлер, журналистер қатысты. Қазақстан Респуб-ликасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Думан Қалибеков «Талдықорған акционерлік электржүйелерінің тасымалдау компаниясы» АҚ-ның 2026 жылдың 1 мамырынан бастап шекті бағаларды өсіру туралы хабарламасы жария тыңдау өткізуге негіз болып отырғанын жеткізді. Жиналғандар алдында сөз алған «ТАТЭК» АҚ «Электр қуатын жабдықтау және сату» филиалының директоры Манар Абдамбаев ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап шекті бағалардың өсуі туралы хабарлама берудің басты себебі ретінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген, іске асыру мерзімі 2025-2029 жылдарға арналған электр желілік кешенді жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде, 2026 жылғы «ТАТЭК» АҚ Жетісу облысының аудандары мен Талдықорған қаласы бойынша электр желілері объектілерін реконструкциялау және жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар кешенін іске асыруды жоспарлап отырғандарын атап өтті. Яғни, электр желілерінің тозуын төмендетумен қатар жобаға әуе және кабельді электр беру желілерін, қосалқы станцияларды реконструкциялау, электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін (АСКУЭ) енгізуді, қызмет сапасын көтеруді, авариялық жағдайды азайтуды, жұмысшылардың жалақысын көтеруді көздеп отырғандарын айтты.

2026 жылғы жоба құны – 12,5 млрд.тг құрайды. Бұл қаражат 464,4 км әуе желілерін реконструкциялауға, 9,7 км кабельді желіні, 2 бірлік қосалқы станцияны жаңғыртуға жұмсалмақ. 2025 жылғы 01 қыркүйектен бекітілген тарифтермен және 2026 жылғы 01 мамырдан бастап іске асырылатын жоба бойынша электр энергиясының тарифтерін салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, тұтынушылар тобы: жеке тұлғалар (тұрмыстық тұтынушылар) үшін 2025 ж. 1 қыркүйектен 31,09 болса, 2026 жылдың 1 мамырынан 32,22; заңды тұлғалар 2025 ж. 1 қыркүйектен 47,53 болса, 2026 жылдың 1 мамырынан 49,27; бюджеттік ұйымдар 2025 ж. 1 қыркүйектен 86,43 болса, 2026 жылдың 1 мамырынан 89,59; 4-ші тұтынушылар тобына кіретін (ӘМАТ заңды тұлғалар; АЭ және ИА тұтынушылар; ҚР Президентінің ІБ ВҚҰ және ведомстволары) 2025 ж. 1 қыркүйектен 42,02 болса, 2026 жылдың 1 мамырынан 45,21 тг төлейді деп жоспарланған.

«ТАТЭК» АҚ қызметін пайдаланатындар саны 202 977 адамды құрайды, оның 9 789 заңды тұлға. Филиалдың 11 аудандық бөлімі бар. Барлық қызметкерлер саны 360 адам. Қызмет көрсету аймағының ауданы 118,5 мың шаршы шақырым болса, елді мекендер арасындағы жолдардың жалпы ұзындығы 13 873 шақырым. Жиын барысында қоғам өкілдері тарифтерді көтеру туралы және оның себебі жайлы облыс жұртшылығы толықтай хабардар болғанда ғана жүзеге асыру мүмкін екендігін айтып, өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Талдықорған қаласында күрделі авариялық жағдайлар тіркелмей, керісінше күндіздің өзінде көше шамдарының өшірілмейтіндігі туралы айтып, компания өкілдеріне сапалы жұмыстары үшін алғыстарын арнады. Өзекті мәселені құзырлы органдар заңға сай қарап, жария тыңдаудағы тілектерді ескере отырып, нақты шешімін шығаратын болады.

Гүлжанат Нұршанова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз