28 наурыз күні Қазақстан бойынша, соның ішінде Жетісу облысында да әлемдік экологиялық бастама — Жер сағаты акциясы өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл шара қоршаған ортаны қорғауға, табиғи ресурстарды үнемдеуге және экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталды.
Биылғы акцияның басты тақырыбы – елдегі экотуризмді дамыту болды. Осыған орай, Жетісу облысында табиғатты қорғау мен оны ұтымды пайдалану мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Акция аясында өңірдегі мемлекеттік органдар, коммуналдық мекемелер мен ірі кәсіпорындар бір сағатқа жарықты өшіріп, экологиялық бастаманы қолдады. Атап айтқанда, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, сондай-ақ «Талдықорған Көркейту», «Когер ЛТД», МК «KazSilicon», «Кайнар-АКБ», «Alacem», «Grindstone», «ПРОМОТХОД Development», «STS-Astana NS», «Asar Project Kz», «Golden Steppe», «Консолидированная Строительная Горнорудная Компания», «ТК Метакон», «Aksenger ltd», «Темирбетон», «Уыз Май Индастри» серіктестіктері және басқа да өндірістік ұйымдар белсенді қатысты.
Сонымен қатар, «Талдыкоргантеплосервис» мекемесіне қарасты «Баскуат» қазандығы, «ТЕКЕЛИЙСКИЙ ЭНЕРГОКОМПЛЕКС» кәсіпорны және Жаркент крахмалопаточный зауыты да акцияға қолдау білдірді.
Жергілікті уақыт бойынша сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін өңірдің бірқатар нысандарында жарық сөндіріліп, электр энергиясын тұтыну уақытша қысқартылды. Бұл – табиғатқа деген жауапкершілікті арттырудың және қоғам назарын экологиялық мәселелерге аударудың символдық қадамы болды.
Мамандардың айтуынша, мұндай акциялар тек бір сағаттық үнемдеумен шектелмейді. Ол тұрғындардың экологиялық санасын қалыптастырып, табиғатты қорғауға бағытталған ұзақ мерзімді әдеттердің пайда болуына ықпал етті.
Жетісу облысының тұрғындары мен ұйымдары да осы игі бастамадан шет қалмай, табиғатты аялауға өз үлестерін қосты. «Жер сағаты» – әрқайсымыздың болашақ үшін жасай алатын қарапайым, бірақ маңызды қадамымыз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.





























