Жетісу облысында спорт залмен біріктірілген тағы бір мәдениет үйі пайдалануға берілді

Жетісу облысында спорт залмен біріктірілген тағы бір мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жаңа нысан Ақсу ауданының Матай ауылында салынды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Халықаралық әйелдер күнінде өткізілген нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Жетісу облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов, Ақсу ауданының әкімі Берік Тынышбаев, ардагерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.

Жаңа мәдениет үйінде сахнасы бар 180 орынды көрермен залы қарастырылған. Үйірме кабинеттері, шағын мәжіліс залы, басқа да қажетті бөлмелер бар. Қазіргі кезде мұнда «Әжелер ансамблі», «Көркемсөз оқу», би үйірмесі жұмыс істейді, оған шамамен 30 адам тартылған.

Кешенде аумағы 668 шаршы метр болатын спорт залы біріктіріле салынған. Онда волейбол, баскетбол, мини-футбол, үстел теннисін ойнауға мүмкіндік жасалған. Сол сияқты барлық спорттық құралдармен жабдықталған тренажер залы бар.

Қосымша 7 жаңа жұмыс орны ашылды.

— Біздің ауылдық округте 4 мыңдай адам тұрады. Көп жылдан бері бізде мәдениет үйі болған жоқ, ескі ғмарат қараусыз қалған болатын. Енді, міне, бірден спорт залға да, мәдениет үйіне де ие болып отырмыз, екеуі бір ғимаратта орналасқан, өте қолайлы. Мәдени іс-шаралар өткізуге, спорттық жарыстар ұйымдастыруға барлық мүмкіндік бар, — деді жергілікті тұрғын Бауыржан Қалиақпаров.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл мәдениет үйі елді мекеннің рухани өмірін белсенді ете түсуге, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге оң ықпал ететін маңызды нысан болмақ.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттер Ақсу ауданының әкімдігі ұсынды

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз