Ата Заң-жетістігіміздің бастауы

5

Мемлекет басшысының жаңа Консититуция жобасын халық талқысына салып, референдум өткізуі-маңызды демократиялық қадам. Бірнеше ай бойы қоғамда жаңа өзгерістерге қатысты қызу пікірталас туып, мыңдаған ұсыныстар конституциялық реформалар жөніндегі Комиссияға жолданғаны белгілі. Талдықорған қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі ретінде өзім де бірқатар азаматтармен кездесіп, пікірлерін тыңдадым.  Жұртшылық Конституция — мемлекеттің ғана емес, әр отбасының қорғаны екенін жете түсінеді. Қазіргі таңда халық назарына ұсынылған  жаңа Конституцияның жобасына енген нормалар қолданыстағы  бас құжаттағы олқылықтардың орнын толтырып, заман талабына сай қағидаларға жол ашып отыр. Жобадағы басты жаңалықтардың қатарында – 145 депутаттан тұратын, жаңа әрі кеңейтілген өкілеттіктерге ие бір палаталы Парламент-Құрылтайды құру, Вице Президент институтын және жаңа ұлттық диалог алаңы-Қазақстан Халық Кеңесін құру бастамасы тұр. Сондай-ақ, мұнда ең алдымен, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық берілген. Азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасы бекітіліп, тұңғыш рет адвокаттық қызметке арнайы бап енгізіліп отыр. Дін мен мемлекеттің рөлі айқын бөлініп, неке-ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы екені туралы норма енгізілген. Бұл дәстүрлі құндылықтарды қорғауды күшейтіп, әйелдердің құқықтарын жоғары құқықтық деңгейде қамтамасыз ететіні сөзсіз. Әділдік, Заң мен Тәртіп,табиғатты қорғау, білімді, ғылымды, мәдениетті дамытуға аса мән  берілуі- халқымыздың мүддесіне сай келетін басымдықтардың бірі. Азаматтар 15 наурызға белгіленген саяси науқанға тікелей қатысып, өз таңдауларын жасауы міндетті деп ойлаймын. Мемлекетіміз өтпелі кезеңді басынан өткеруде. Әлемде саяси жағдай ушығып тұр. Сондықтан да, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды жарастырып, Тәуелсіздік тұғырының мықты болуына әр адам жауапкершілікпен қарағаны тиіс. Еліміздің аспаны ашық болсын!

Гүлжанат Нұршанова,
Талдықорған қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі,
«Талдықорған» газетінің бас редакторы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз