Бикен Римова атындағы академиялық драма театры «Мұқағали» моноспектаклінің премьерасын ұсынды

3

Жетісу облысында Бикен Римова атындағы академиялық драма театры көрермендерге ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Мұқағали» моноспектаклінің премьерасын ұсынды. Бұл – жетісулық театрдың «Академиялық» мәртебесін алғаннан кейінгі сахналаған алғашқы қойылымы, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қойылым режиссерларының бірі Ұлан Ахметовтің айтуынша, моноспектакль – Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері мен поэмалары арқылы ақынмен сырласуға шақыратын эксперименттік жоба. Сахнада негізгі жалғыз кейіпкер ақынның жан айқайын, махаббат пен мұңға толы әлемін, өмір мен уақыт жайлы терең толғанысын поэзия тілімен өрнектейді. Сөз, үнсіздік, қимыл мен эмоция үйлескен қойылым көрерменді Мұқағалидың рухани кеңістігіне жетелейді. Бұл – өлеңмен өрілген сыр, жүректен жүрекке жол тартқан поэтикалық диалог.

Моноспектакльдің басты кейіпкерін қоюшы режиссері, актер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сафуан Рысбайұлы сомдады.

— 2018 жылы режиссер Сұлтан Сраиловтың идеясымен «Мұқағалимен сырласу» атауымен ең алғаш бұл қойылымды Астанада сахналадық. Кейін Көкшетауда да моноспектакль ретінде ұсындық. Ал бүгін Бикен Римова атындағы академиялық драма театрында 45 минутқа ықшамдалып берілді. Бұл поэтикалық қойылымда Мұқағалидың шығармашылығын бес кезеңге бөлдік: соғыс кезеңі, ақынның балалық шағы, махаббатты жырлары, жүрегін емдеткен кезеңі, патриоттық өлеңдері. Көрермен жақсы қабылдаса, қойылым ары қарай тұрақты репертуарға жалғасатын болады, — дейді С. Рысбайұлы.

Театр фойесінде шағын кеңістікте небары отыз шақты көрерменге ұсынылған бұл қойылымды өнерсүйер қауым жылы қабылдады.

— Бүгін Мұқағали туралы жаңа бір қойылымды тамашаладық. Мұнда ақынның ішкі толғаныстары түгелдей өзінің өлеңдерімен жеткізілді. Әсіресе осы моноспектакльдің соңында ақынның осы дүниемен қоштасатын тұсындағы режиссердің шешіміне тәнті болдым. Негізінен біздің театрларға мұндай эксперименттер керек, себебі сол арқылы көрермендер өзіне қажетін екшеп алады, талғамы қалыптасады деп ойлаймын, — деді көрермен Сымбат Елебекова.

Атап өтсек, қойылым режиссері – Ұлан Ахметов, Сафуан Рысбайұлы, композиторы – Тұрсынжан Шапай. Ақын рөлінде: Сафуан Рысбайұлы, сол сияқты рөлдерде Дархан Дүйсенов, Күнекей Мұхтархан, Ариза Асқарова, Қарақат Шындәулет, Әсем Мұратова ойнады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз