Жетісуда жас отбасы өңірдегі алғашқы болып бал қымыз өндірісін жолға қойды

Жетісу облысында жеке ісін бастаған кәсіпкер жұбайымен бірге дәстүрлі ұлттық сусын – бал қымыз өндірісін жолға қойды. Әзірге кәсіпорында жергілікті сүтті пайдаланып, күніне 600 литр өнім өндіріледі, ал алдағы уақытта өндірісті кеңейту және Қытай мен Өзбекстанға экспорттау жоспарланып отыр, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кәсіпорын құрылтайшысы Мадияр Түйебаевтың 8 жыл бойы шетелде білім алып, ұзақ жыл еліміздің шығыс аймақтарының бірінде қаржылық сарапшы болып жұмыс істеді. Онда ол болашақ жұбайымен кездесіп, отбасын құрды. Кейін туған өлкеге оралатын уақыт жеткенін ұғынып, Жетісуға келеді де, сүйікті ісімен айналысып, өз бизнесін бастауға шешім қабылдайды. Таңдауы ұлттық сусындар өндірісіне түсіпті.

— Мен халықаралық сауда және экономика факультетін бітірдім, ал жұбайымның мамандығы – эколог. Бірақ бала кезімнен тамақ пісіргенді, бірдеңе дайындағанды ұнататынмын. Адамды есейген сайын ұлттық дәстүрлі тағамдар көбірек қызықтыра бастайды. Осы салада сарапшы бола жүріп, біздің өңірге басқа елде өндірілген балқымыз көп көлемде әкелінетінін білдім. Содан кейін өзімнің балқымыз өндірісін жолға қоюым керек деп шештім, өйткені Жетісуда шөптің сан алуан түрі өседі, сондықтан да мұндағы сүттің дәмі де ерекше әрі пайдалы. Біз жоба бойынша жұмысты өткен жылдың мамыр айында бастадық, ал өндірісті қыркүйек айында тікелей жолға қойдық. Өз қаражатымнан 40 млн. теңгеге жуық қаражат салдым. Қазір біз күніне 600 литр қымыз өндіреміз, бірақ одан да көп – 3 тоннаға дейін шығара аламыз. Оның бәрі сұранысқа байланысты, — деді Мадияр Түйебаев.

— Бал қымыз өндірісінде біз табиғи ингредиенттерді қолданамыз. Сүттің негізгі бөлігін Текелі сүт зауытынан сатып аламыз, сондай-ақ Талдықорғаннан да аламыз. Біздің бал қымыз – сиыр мен бие сүтінің үйлесімінен туған, бал ашытқысы. Құрамында пайдалы лактобактериялар бар. Өйткені, біздің басты мақсатымыз – халықтың денсаулығын нығайтуға өз үлесімізді қосу. Қазір жасанды қоспалары бар тағамдардың көп екенін ескермек, дәстүрлі, ұлттық тағамдар мен сусындарға көбірек көңіл бөлетін уақыт келді. Бал қымыздан басқа, «Таң» сусыны, айран және реутери йогуртын өндіреміз. Тары қосылған шай шығарсақ деген жоспарымыз бар, — деді кәсіпкердің жұбайы Әйгерім Шаландиева.

Қазір мұнда 5 адам жұмыс істейді. Кәсіпкердің айтуынша, кәсіпорынды кеңейтіп, жұмыс орындарының санын арттыру да жоспарланып отыр.

— Мемлекеттік қолдау алған жағдайда тезірек іске асырсақ деген бірқатар жоспарларымыз бар. Ең бастысы – ұмтылыс жасап, тынымсыз еңбек етсе, нәтижесі де көрп күттімрейді. Бұл ретте біз тұрғындарды қолжетімді бағадағы сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге тырысамыз. Әзірге өнімдерімізді тек Жетісуда сатып отырмыз. Бірақ болашақта еліміздің басқа өңірлерінің нарығына шықсақ дейміз. Сонымен қатар қазіргі кезде біз Қытай тарапымен келіссөздер жүргізіп, қажетті құжаттарды дайындау үстіндеміз. Көктемде біздің «бал қымыздың» алғашқы легін Қытайға жібереміз деп жоспарлап отырмыз, — деді ол.

Ерлі-зайыптылардың отбасын құрғанына 10 жыл болған, олар екі қыз тәрбиелеп отыр. Жас отбасы дәстүрге құрметпен қарау, бір-біріне қолдау көрсету, адал еңбек ету олардың ортақ армандарын – қоғамға пайдалы жеке ісін ашу туралы ойларын сәтті жүзеге асыруға көмектескеніне сенімді. Олардың алдағы уақытта өндірілетін өнім көлемін ұлғайтып, емдік сусынды басқа аймақтарға ғана емес, шет елдерге де жеткізуді жоспарлауда.

Атап өтсек, 2025 жылы Жетісу облысында шағын және орта бизнесті қолдауға 5,9 млрд.теңге бағытталды. Іске асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша өңірде 63 мыңнан астам шағын-орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ға артқан.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фототілші: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз