Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «Реформалардың мәні – 5: Ықпалды Парламент» атты жаңа мақаласында болашақ Парламенттің институционалдық келбетіне ерекше мән берілген. Парламенттік реформа – жай ғана форманың өзгеруі емес, бүкіл мемлекеттік билік жүйесінің негізгі тірек конструкцияларының бірін нығайту екені баса айтылады.
Автордың пікірінше, парламенттік реформаның сәтті болуы жаңартылған өкілді орган жұмысының тетіктері қаншалықты дәл құрылатынына байланысты.
«Жаңа модель Қазақстандағы парламентаризм философиясын өзгертеді. Парламент бұдан былай тек заң шығарушы орган ретінде ғана қалмайды. Ол халықтың үні естілетін, қоғамның сұранысын түсінетін және мемлекеттік дамудың жаңа мазмұнын қалыптастыратын қоғамдық диалог орталығына айналуға тиіс. Жалпы алғанда, ХХІ ғасырдың кәсіби Парламенті көппартиялы, ықшам, жоғары технологиялы және қоғам өмірінің тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан болуы керек», – дейді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы атап өткендей, бірпалаталы Парламентке көшу жағдайында мықты комитеттер жүйесінің рөлі түбегейлі артады. Оның пікірінше, салалық комитеттер кәсіби сараптама мен саяси жауапкершілік орталықтарына айналуға тиіс. Олардың парламенттік тыңдаулар мен тексерулерден бастап, атқарушы биліктің қызметіне жүйелі бақылау жасауға дейінгі кеңейтілген өкілеттіктері болуы қажет.
Мәулен Әшімбаев болашақ Парламенттің өңірлердің мүддесін ескеретін функциясын сақтау мен күшейтуді жаңа архитектураның маңызды элементі ретінде қарастырады. Осыған байланысты Парламент жанынан Өңірлер кеңесін құру ұсынылады. Бұл кеңес мәслихаттар, қоғамдық құрылымдар және ұлттық заң шығарушы орган арасындағы тікелей әрі жүйелі байланысты қамтамасыз етпек.
Парламенттік реформаның логикасы туралы айта келе, Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы ұсынған жоғары өкілді органды бәсекелестікке негізделген пропорционалды негізде қалыптастыруға көшу елдің бүкіл саяси жүйесіндегі кешенді өзгерістерге жол ашатынын атап өтті.
«Жоғары өкілді органды бәсекеге қабілетті пропорционалды негізде қалыптастыру домино әсеріне алып келеді. Көппартиялы Парламент электорат мүдделерін барынша толық әрі тиімді қорғаудың алғышарттары қалыптастырады. Партиялар дауыс алу үшін анық саяси өкілдігі жоқ әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін нақты бағдарламаларға біріктіруге мәжбүр болады. Өз сайлаушыларын ұстап қалу үшін партиялар тұрақты кері байланыс арналарын: жергілікті бөлімшелерді, қоғамдық қабылдау бөлмелерін, ұсыныстар жинауға арналған онлайн-платформаларды құратын болады», – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.





























