Өткен жылы Жетісу облысының экономикасына 610,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, жоспар 106,5% орындалды. Бұл – республикада жоспардың орындалуы бойынша 4-ші көрсеткіш. Аталған соманың 434,8 млрд. теңгесі бюджеттен тыс инвестициялар, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметіне қарағанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 1 мыңға жуық жұмыс орнын құрған 25 жоба іске асырылды. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік және логистика, «жасыл» энергетика, туризм және басқа да салаларда қолға алынған.
Бұл ретте былтыр өңірде шағын және орта бизнесті қолдауға 5,9 млрд теңге бағытталды. Іске асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша облыста 63 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, бұл 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 4%-ға артық. Осы орайда шағын және орта бизнес өңірдегі халықты жұмыспен қамтудың негізгі көздерінің бірі болып қала бермек.
Мәселен, өткен жылдың соңында Талдықорғанда іске қосылған жаңа нысандардың бірі электр жабдықтарына арналған бөлшектер шығаратын кәсіпорынды атап өтуге болады. Бұл жобада 40-қа жуық жұмыс орны құрылған, 1 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылған.
— Біздің кәсіпорында 100-ге жуық өнім түрі өндіріледі. Қосымша корпустар салу, номенклатураны кеңейту және жаңа нарықтарға шығу жоспарланып отыр. Мұнда жобалау, сызбаларды әзірлеу, бөлшектерді жасау, құрастыру және сапаны бақылау сияқты барлық кезеңдер бір нысанда атқарылады. Станоктарымыз әмбебап, оларды энергетика саласында сұранысқа ие кез келген өнімді шығару үшін қайта пішіндеуге болады. Бұл ретте біз «ТАТЭК» АҚ-мен белсенді түрде ынтымақтаса жұмыс істейміз, — деп атап өтті зауыт директоры Дәулет Әубәкіров.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Дмитрий Ерофеев, Жеңіс Ысқабай,
сол сияқты бірқатар фотосуреттерді Талдықорған қаласының әкімдігі ұсынды.





























