Жетісу облысының Жансүгіров ауылында саябақ аумағында орталық стадион салынады. Осылайша «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында саябақтың бір бөлігі демалыс орны, екінші бөлігі жастар үшін спорттық стадион болмақ. Бұл туралы Ақсу ауданының тұрғындарымен кездесуінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысы өз сөзінде Жансүгіров ауылындағы орталық саябақтың жағдайына қатысты тұрғындар тарапынан шағым болғанын айтты.
— Жалпы алаңы 21 гектар алқапты алып отырған саябақты екіге бөлуге шешім қабылдадық. 10 гектарын демалыс орнына қалдырып, қалған 11 гектарға аудан тұрғындарына, оның ішінде, спортпен шұғылданамын дейтін жастарға арнап стадион салуды жоспарлап отырмыз, — деген Б. Исабаев аудан әкіміне бұл жұмыстарға жобалық-сметалық құжаттарын дайындап, бюджеттік өтінім беруді тапсырды. Келесі жылы бірінші кезекте саябаққа кезең-кезеңімен қаражат бөлініп, мұнан кейін стадионға қарастырылатын болады.
Сол сияқты «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша ауданда абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Ауданда 16 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері мен шатырлары жөнделген. Сондай-ақ Жансүгіров ауылындағы 36 пәтерлі тұрғын үйдің ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, жыл соңында аяқталады.
Оған қоса 10 елді мекенде 20 балалар және спорт алаңдары ағымдағы жөндеуден өтіп, Матай, Сағабүйен ауылдарының көшелеріне жарық шамдары орнатылды. Алтынарық ауылында балалар ойын алаңдарын және жарық шамдарын орнату жұмыстары жыл соңында аяқталады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мусабеков,
сондай ақ фотосуреттер Ақсу ауданының әкімдігімен ұсынылған





























