Бейбіт Исабаев Ақсу аудандық аурухананың жөндеу жұмыстарының қарқынын сынға алды

Жетісу облысының Ақсу аудандық орталық ауруханасы ғимаратының жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуына байланысты тиісті облыстық басқарма мердігер мекемеге қатысты қатаң шаралар қабылдауы және құрылыс жыл соңына дейін аяқталмаса, басқа мердігер қарастыруы тиіс. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев  Ақсу ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде айтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Халықпен кездесуі барысында өңір басшысы аудандағы әлеуметтік нысандардың құрылысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы кеңінен баяндады. Осы ретте ұзақ уақыттан бері жыр болған аудандық аурухана ғимаратының жөндеу жұмыстарын сынға алды.

— Аурухананы жөндеу жобасын қарағандылық «RAKADA GROUP» серіктестігі ұтып алған болатын, жұмыс қарқыны өте нашар, сын көтермейді. Серіктестікке жұмысты мерзімінде жүргізбегені үшін бірнеше рет айыппұл салынды. Жыл соңына дейін жұмыс аяқталмаса, мердігермен келісімшартты тоқтатып, басқа мердігерді қарастыруды тапсырамын. Құрылыс жұмыстарын келесі жылы бітіру керек, — деген Бейбіт Исабаев облыстық құрылыс басқармасына нақты тапсырма берді.

Бұл аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін рентгендік флюорографиялық жылжымалы цифрлық кешен, импедансометрия, аудиологиялық скринингке арналған жүйе т.б. қажетті жаңа медициналық жабдықтар алынған, құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін орнатылады. Жалпы, соңғы екі жылда ауданға 6 санитарлық автокөлік сатып алынған.

Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту мақсатында былтыр Құрақсу, Қопа, Еңбек ауылдарында блокты-модульді медициналық пункттер орнатылса, биыл Қаракөз, Көкжайдақ, Жаналық ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер, Ащыбұлақ, Көлтабан ауылдарында медициналық пункттер тұрғызылды. Ал Көшкентал ауылындағы дәрігерлік амбулатория жыл соңына дейін аяқталады.

Дәрігер тапшылығын шешу мақсатында аудан бойынша соңғы екі жылда 12 дәрігерге 10 млн. теңгеден көтерме жәрдемақы төленді. Дәрігер тапшылығын жою бағытындағы бұл жұмыстар жалғасады.  

Ал білім беру саласында өткен жылы Көшкентал ауылында 180 орындық мектеп пайдалануға берілсе, биыл Көлтабан ауылында 120 орындық мектеп салынып жатыр, балалар 3-тоқсанды жаңа мектепте бастайды. Сол сияқты Жансүгіров ауылындағы Қ. Сатпаев атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтті.

— Мәдениет саласы да назардан тыс қалған жоқ. Матай, Есеболатов ауылдарында мәдениет үйлерінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталса, Арасан ауылында келесі жылдың мамыр айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Қапал ауылдық мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Спорт бойынша былтыр Қапал ауылында «Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры арқылы спорттық кешені берілді. Алдағы уақытта да халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты және жүйелі шаралар жалғасатын болады, — деп атап өтті Бейбіт Исабаев.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотографтар: Жеңіс Ысқабай, Жұмабай Мұсабеков, сол сияқты бірқатар фотосуреттерді Ақсу ауданының әкімдігі ұсынды

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз