Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталады

2270

Жетісу облысының ақпараттық алаңында  Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айнұр Мейрханова, ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Жетісу облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Злобин, сондай-ақ, Жетісу облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Президенттік жастар  кадры резервінің мүшесі Сәкен Түкібаевпен арнайы брифинг өтті. Бұл жерде  спикерлер негізінен  Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеудің ерекшеліктері туралы айтты.

Спикерлердің айтуынша, үшінші іріктеудің ерекшелігі мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, мақсатты іріктеу жүргізу болмақ. Осылайша, кезекті іріктеу 6 негізгі сала,  олар,  Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты; Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау; Сыртқы саясат және инвестициялар; Экономикалық және қаржылық саясат; Цифрландыру; Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам  бойынша жүзеге асырылады.

 Айтар болсақ, Президенттік жастар кадр резерві – егемен еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосам деген жастарға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Мемлекет басшысының дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты құру туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып келеді. Жобада барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашу мақсаты көзделген.

Бұл ретте Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған тұлғалар резервте тұрған кезеңде лауазымға міндетті түрде тағайындалуы шарт болып табылмайды. Резервте тұрған тұлғалар ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында одан әрі кәсіби және тұлғалық даму үшін оқыту курстары мен тренингтерден өту мүмкіндігіне ие болады.Сондай-ақ биыл үміткерлермен әңгімелесуді міндетті түрде салалық орталық органдар өкілдерінің қатысуымен өткізу тәжірибесі енгізілуде.

Талаптарға сәйкес, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.

Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер  6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс.

Бірінші кезең – резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау. Ол 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режимде жүзеге асырылады. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Бағалаушылар үшін үміткердің кім екендігі беймәлім болады.

Екінші кезең – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан тұрады. Тестілеу процесі аудио-бейне фиксациямен өтіп, өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйесімен қадағаланатын болады.

Үшінші кезең – ситуациялық тапсырмаларды шешу. Бұл кезең үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталған. Аталған кезең онлайн-режимде аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында жүргізіледі.

Орындалған тапсырманың шешімі қызметтің тиісті бағыттары бойынша бір уақытта үш салалық сарапшымен бағаланады.

Төртінші кезең – ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбат. Ассессмент-орталық  Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Ол мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы белгіленген құзыреттерді анықтауға және бағалауға бағытталған.

Кандидаттардың мінезін бағалау топтық және жеке тапсырмалардан тұрады. Жалпы құзыреттерді бағалауға кемінде 15 сертификатталған бағалаушы және 5 супервизор тартылатын болады.

Өз кезегінде, құзыреттер бойынша сұхбат блогы кәсіби HR-менеджерлерін тарта отырып, онлайн форматтағы жеке терең сұхбат түрінде өткізіледі.  Сұхбат кандидаттардың ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады.

Бесінші кезең – сарапшылық комиссиясында кандидаттармен әңгімелесу. Оның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары тартылатын болады. Комиссия қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады.

Алтыншы, соңғы кезеңде – Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады.  Агенттік іріктеудің барынша ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы бойынша pkrezerv.gov.kz жарияланып, барлық азаматтар үшін қатысушылар туралы ақпарат қолжетімді болады.

Атап өту керек, 2019 және 2021 жылдары резервке алынған 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді, яғни жалпы санның 75%-ы жұмысқа орналастырылды.

Олардың ішінде 128 адам орталық мемлекеттік органдарда, 38 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 41 адам адам өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда. Сондай-ақ олардың қатарында 31 резервші саяси лауазымдарға,  6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервист  Парламент  Мәжілісі және 2 резервист мәслихат депутаты болып қызмет атқаруда.

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз