Қазақ қолөнері ғасырлар бойы ұлттың рухани келбетін қалыптастырып келе жатқан қастерлі қазына. Бұл жолдағы шеберлердің көз майын тауыса жасаған бұйымдары ұлттық болмыстың айнасы, мәдениетіміздің мәйегі. Осы асыл өнерді дәріптеп, еңбек адамының мәртебесін арттыру мақсатында Талдықорғанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Шеберлер шеруі» атты ұлттық қолөнер фестивалі бастау алды.
Фестивальдің салтанатты ашылуында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Түстікбаев сөз сөйлеп, жиналған халықты құттықтады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тамыз конференциясында жастардың еңбексүйгіш, адал болып өсуіне ерекше мән беру қажеттігін айтқан тапсырмасын еске сала отырып, дәл осы фестиваль сол міндеттің нақты жүзеге асуының бір көрінісі екенін атап өтті.
– Бұл фестиваль ұлттық өнерімізді жаңғырту, мәдени мұрамызды дәріптеу және жұртты еңбекке баулудың маңызды алаңы. Облыс әкімдігі ұлттық құндылықтарды насихаттайтын әрбір бастаманы қолдауға әзір. Барша шеберге толайым табыс, шабыт және еңбектерінің жемісін көруді тілеймін. Фестиваль ұлттық рухымызды нығайтып, бірлігі бекем ел болу жолында қызмет етеді, – деді Ілияс Түстікбаев.
Шара барысында сөз алған «Шеберлер шеруі» мега-фестивалінің авторы, «Құрмет» орденінің иегері, Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты, танымал этнодизайнер Ырза Тұрсынзада туған жеріне келгендегі қуанышын жасырмады.
– Талдықорған төрінде өнерпаздармен қауышу – мен үшін үлкен мәртебе. Мұндай бастаманы жүзеге асыруға қолдау білдірген облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлына алғысым зор. Бұл фестиваль жастар үшін үлкен тәрбие мектебі боларына сенемін. Қазақы құндылықтарымызды насихаттаудан ешқашан шаршамауымыз керек, – деді ол.
Фестиваль аясында өңірдің 200-ден астам қолөнершісі өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Киіз үй жабдықтары, зергерлік әшекейлер, ши, құрақ бұйымдары, заманауи үлгіде жасалған этноөнімдер шеберлердің талғамы мен еңбегінің жемісі. Жетісудың ең үздік ұсталары өз бұйымдарын тікелей сату мүмкіндігіне ие болып, ұлттық өнердің дамуына тың серпін беруде.
Игілікті шара облыс орталығындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында 3 күн бойы жалғасады.
Медет ЖҰМАБАЙ
https://7-su.kz/janalyqtar/kuenderek/shabytty-sheberler-sherui-78093/





























