Судан тиімді пайдаланып, суармалы жер көлемін ұлғайту егін шаруашылғын дамытудың кепілі. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорның Талдықорғандағы  Алматы  филиалының директоры Смайыл Күметов аймақтағы су саласындағы  жетістіктер және кәсіпорындағы жұмыс барысы туралы  арнайы сұхбат берді.

– Жалпы осы сала ісі сізді несімен қызықтырды. Бұл мамандықты таңдаудағы мақсатыңыз не еді?

– Туып-өскен ортамыз ауылды жер болғандықтан егін шаруашылығымен тығыз байланыста болды. Жақын туыс-туғандарымыз жер игеру, суландыру жұмыстарымен қатар суармалы жерлермен айналысқандықтан алдыңғы аға буынның ізімен осы мамандықтың иесі атануды көздеп, осы салаға бет бұрған едім.

– Бүгінде осы саланың қызу тіршілігіне араласып, жұмыс атқарғаныңызға қанша уақыт толды?

– Су саласында жұмыс жасап жатқаныма бүгінде 15 жылдан астам уақыт өтіпті. Ал «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Алматы облыстық филиалына соңғы 3 жыл көлемінде басшылық жасаудамын.

– Өзіңіз басшылық етіп отырған кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы айта отырсаңыз.

– Біздің бұл мекемеде тек сушылар ғана жұмыс атқармайды. Мұнда экономикалық мамандықтар, есеп-қисап, су пайдалану бөлімі, сондай-ақ, өндірістік пайдалану бөлімдері орналасқан. Мекеме ішіндегі қай бөлім болмасын, онда өз ісінің шеберлері – білікті мамандар жұмыс атқаруда. Дегенмен, негізгі басымдықты су реттеуші, су реттеу және су құрылыс жұмыстарының инженері сынды мамандар алады.

– Облыстық филиал құрамында барлығы қанша аудандық бөлімшелер бар?

– Жалпы бұл кәсіпорынның Алматы облысы бойынша 2 филиалы жұмыс жасайды. Біріншісі – Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалы. Ол Алматы қаласы аумағындағы аудандарды ауыз және суармалы сумен қамтамасыз етсе, біздің филиал Талдықорған қаласы аумағындағы аудандарды суармалы сумен қамтамасыз етіп отыр. Нақтырақ айтсам, біздің қарамағымызда 8 аудан бар. Тоғызыншысы ретінде Кербұлақ ауданы, Шеңгелді ауылдық округындегі насос станциясы кіреді.

– Ал осы өздеріңізге қарасты аудандардағы сұранысты толығымен қамтамасыз ете аласыздар ма?

– Өңіріміздегі Панфилов, Ұйғыр аудандарынан өзге аймақтарда су қоры жеткілікті деп айтуға болады. Яғни, барлық су пайдаланушыларға су қорын кедергісіз жеткізу үшін ішкі су жүйелерін ретке келтіруді қажет етеді. Осы мәселелерді шешу үшін алдағы уақыттарда Су ресурстары комитеті және Ислам Даму банкімен бірлесе отырып, 35 мың гектар жерді суландырып, жоспар негізінде жаңа жерлер қосылады деп отырмыз. Яғни, бүгінгі таңда облыста инвестициялар тартылып, жұмыстар қызу жүргізілуде. Осы орайда шаруалар жұмысына көңіл бөліп, инвестиция көзін тартып отырған Экологиягеология және табиғи ресурстар министрлігіне, Су ресурстары комитетіне алғысымызды жеткізгіміз келеді.

– Әрқандай жұмыстың қызықты әрі қиын тұстары болатыны белгілі. Осы жөнінде сіздің ойыңыз қандай?

– Бұл сала жұмыстарының қиын тұстары көп деп айтуға әбден болады. Себебі, ішкі суару жүйелеріне 35-40 жылдан бері жаңарту жұмыстары жүргізілмеген. Жаңартып жабдықтау жұмыстарын жүргізу жайлы аудандық, облыстық әкімдіктерден хаттар алып, біз республикалық мемлекеттік кәсіпорын болғаннан кейін Астана қаласындағы кәсіпорын басшылықтарымен, су ресурстары комитетімен байланыс орнатып, инвестиция көлемін тарту үшін жұмыстар жасалып жатыр. Егемендік алғаннан кейінгі соңғы 10 жылдың көлемінде Алматы облысы аумағы бойынша соя және қызылша егу жұмыстары қарқын ала бастағаны белгілі. Сондықтан, шаруашылықтар суды бір уақытта талап етеді. Осы тұста суды бөліп беру мәселесінде ескі су жүйелері қиындықтар туғызады. Дегенмен, біздің мамандар мамыр айынан қазан айының соңына дейін су бөліп беру жұмыстарымен айналысып, тұрғындар сұранысын қанағаттандыру үшін жұмыс жасайды. Тек бұл ғана емес, шаруаларға түсіндіру шараларын жүргізуде, шаруалар тарапынан түскен арыз-шағымдарды қарау барысында түрлі қиындықтар кездесіп жатады. Сол үшін шаруалардың еккен дақылдарын текке кетірмей, өз уақытында су жеткізуге барынша күшімізді саламыз. Бастысы – мақсатымыз айқын, міндетіміз – зор.

– Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілей отырып, кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз!

– Иә, 2019 жылы Үкімет қаулысымен 9 шілде Су шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесі болып бекітілген. Осы орайды пайдала отырып, мен де сушаруашылығы саласында ерінбей еңбек етіп жүрген барша қызметкерлерді құттықтаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!                               

                                                                                      Сұхбаттасқан

                                                                                      Лина АЙДЫН.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK