Адамның денсаулығы мен өмірі – ең қымбат құндылық. Сол құндылықты қорғап, саулығын қалпына келтіруге үлес қосып жүрген мейірім иелері бар. Солардың бірі – Калжигитова Эльмира Серікбайқызы, Талдықорған қаласындағы «Авиценна» медициналық орталығының тәжірибелі мейірбикесі.
Эльмира Серікбайқызы 1986 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Қазіргі таңда Талдықорғанда тұрып, өз мамандығына адал қызмет етіп келеді. Ол 2015 жылдан бастап денсаулық сақтау саласында еңбек етіп, нейрохирургия, хирургия, пульмонология және неврология бөлімдерінде жұмыс атқарған. Мейірбике мамандығын таңдауы да жүректен шыққан шешім. Оның анасы – дәрігер. Қыз баласы кішкентайынан анасының жанындағы қамқорлық пен мейірімге толы еңбегін көріп өскен. Сол әсерден де медицина жолын таңдады. «Менің анам өте жанашыр, науқастардың жағдайын шын көңілмен ойлайтын дәрігер еді. Сол кісіден үлгі алып, медбике болуды жөн көрдім. Мейірбике болу жай ғана жұмыс емес, бұл адамға жан жылуын сыйлайтын кәсіби қызмет», – дейді кейіпкер. Күнделікті жұмысында ол науқастардың жағдайын бақылап, дәрігердің тағайындауларын орындайды, дәрі-дәрмектер мен медициналық процедураларды жүргізеді, науқас пен оның туыстарына күтім ережелерін түсіндіреді. «Неврология саласына келуім кездейсоқ емес. Бұл бағыт мені адамның жүйке жүйесімен, ми қызметімен тығыз байланысты, әрі жоғары жауапкершілікті талап ететіндігімен қызықтырды. Науқастың сауығуына көмектесіп, өмір сапасын жақсартуға үлес қосу мен үшін үлкен мәртебе. Жұмыстың ең жауапты тұсы – науқастың өмірі мен денсаулығы сенің қолыңда екенін сезіну. Кей сәттерде тез әрі дұрыс шешім қабылдау қажет. Ондайда сабыр мен жинақылық ең басты қасиеттерің болуы тиіс», – дейді ол. Эльмира Серікбайқызы үшін мейірбике болудың басты қағидалары –сабырлылық, жанашырлық, қамқорлық, тыңдай білу және сенім ұялату. Өйткені науқас өзіне сенім артқан мейірбикенің жанында тезірек сауығып кетеді. Қазіргі медицина заманауи технологиялармен, цифрлық жүйелермен және жаңа емдеу әдістерімен қарқынды дамуда. Бұл жағдай мейірбикенің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, емдеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді. «Мен үнемі біліктілігімді арттырып, жаңа әдістер мен күтім технологияларын үйреніп отырамын. Медицина үнемі жаңарып отыратын сала болғандықтан, үздіксіз ізденіс – табыстың кепілі», – дейді Эльмира Серікбайқызы. Мейірім мен кәсібилікті үйлестіре білген медбике бүгінде ұжымда беделді маман, жас әріптестеріне үлгі. Оның еңбегі – адамға деген сүйіспеншіліктің, кәсібіне деген адалдықтың айқын көрінісі.
Арай НҰР





























