Халықтың бас амандығын қорғап, қоғамның тыныштығын сақтау – құқық қорғау саласы мамандарының басты міндеті. 2020 жылдың алғашқы 5 айында Алматы облысы аумағындағы жалпы қылмыс – 36,7 пайызға азайып, оның ішінде аса ауыр қылмыс түрлері – 16,5 пайызды, шағын қылмыстық әрекеттер – 28,5 пайызды құраған. Бұл бұрынғы жылмен салыстырғанда өңірдегі орта және ауыр санаттағы қылмыс түрлерінің 2,7 есеге төмендегенін аңғартады.

«Аталған 5 айда аймақтағы қылмыс ашу көрсеткіші 64,2 пайызға жетіп, өткен жылдың ұқсас мезгілімен салыстырғанда 10 пайыздан жоғары болған. Сондай-ақ, осы уақыт ішінде бөтеннің мүлікін ұрлау деректерінің ашылуы 6 пайызға өскен. Міне, бұл жедел қабылданған іс-шаралардың нәтижесі», – дейді мамандар.

Дереккөз

Бүгінде Алматы облысы полиция департаментінде 3623 қызметкер еңбек етеді. Жыл басынан бері олардың қатары тағы 115 жас буынмен толыққан. Осыған дейін департаментте өз міндетін мінсіз атқарған 5179 қызметкер түрлі  марапатқа ие болыпты.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері қолда бар күштер мен құралдарды ұтымды пайдаланудың арқасында аймақтағы қылмыс деңгейі 36,7 пайызға төмендеген. Қазір ішкі істер саласының материалдық-техникалық базасын жетілдіруге мемлекет тарапынан баса мән беріліп келеді. Ол қылмыспен күресуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға тың серпін беріп, заңдылықты орнатуға және азаматтардың құқығын қорғап, қоғамдық тәртіпті қадағалауға мол мүкіндік беруде. Сонымен бірге, тәртіп сақшыларына жасалған қолайлылықтар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі патрульдік және учаскелік полиция инспекторлары мен сыртқы қызмет өкілдері үшін үлкен рөлге ие. Мәселен, бөлінген автокөліктер оқиға орнына шұғыл жетіп, көптеген қылмыстардың «ізін суытпай» ашуға, жол ережесін өрескел бұзу деректерін әшкерелеп, орын алған жол-көлік оқиғасы кезінде жедел әрекет етуге тигізер пайдасы зор.

Осыған сәйкес мамандардың айтуынша, жергілікті жерлерде де  атқарушы орындар ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөліп отыр. Атап айтсақ, қазіргі уақытта Алматы облысы полиция департаменті қарамағында 1010 қызметтік көлік бар. Алдағы уақытта арнайы учаскелік полиция инспекторларына тағы 72 көлік құралын алу жоспарда. Сонымен қатар, қызметкерлерді планшеттік компьютерлер және бейнежетондармен, түсіру станцияларымен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызды құраған.

Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері Алматы облысы Полиция департаментінің 1949 қызметкері тосқауыл-бекеттерде халық игілігі үшін еңбек етті. Осы орайда олар жұртқа жақын болу мақсатында тікелей байланыс өткізуді қолға алған. Осы орайда департаменттің әлеуметтік желілердегі парақшалары, электрондық үкімет порталы арқылы кез келген азамат көкейіндегі толғандырған сұрақтарын қойып, оған толыққанды жауап алған. Қорытып айтқанда, заң мен тәртіп – тыныштық кепілі. Облыстағы  тәртіп сақшылары қызметтік борыштарын адал атқарып қана қоймай, «Біз біргеміз» акциясына да белсене атсалысқан. Нақтырақ айтқанда, олар көптеген отбасыларға қиын сәтте көмек қолын созып, қолдау білдірді. Соның арқасында біраз адамдар уақыттық қиыншылықтан құтылды.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK