Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Президент Жарлығына сәйкес елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Жол» ЖШС директоры Сергей Гейдаровқа «Құрмет» орденін тапсырды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысы өз сөзінде С. Гейдаров басқаратын ұжымның Жетісу облысында бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды сапалы іске асырғанын тілге тиек етті.
— Әсіресе «Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай» автожолының, соның ішінде айналма жолдан Балқашқа дейінгі 110 шақырым жолдың құрылысын ерекше атауға болады. Сіздердің мамандарыңыздың тындырымды әрі жауапты жұмысының арқасында Балқашқа апаратын жол дер кезінде, шомылу маусымы басталғанға дейін ашылды. Сөйтіп біз бірлескен жұмысымыздың арқасында ұзақ жыл бітпей келген жолдың құрылысын толық дерлік аяқтадық. Жол жасалғанының нәтижесінде биыл Балқашқа баратын туристердің саны артты, — деп атап өткен Б. Исабаев Сергей Гейдаровқа облыстың инфрақұрылымын жақсартуға сіңірген еңбегі үшін алғысын білдіріп, «Құрмет» орденін тапсырды.
Марапат иесі өз кезегінде еңбегі еленіп, марапат берілгеніне ризашылығын жеткізді.
Еске салсақ, «Жол» ЖШС бұған дейін Жетісу облысының Ескелді, Қаратал, Сарқан аудандарында көпірлер салды. Сол сияқты «Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай» автожолының Балқашқа апаратын 0-110 км жолын қайта жаңғырту жұмыстарын атқарды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай.





























