«Жолданбаған хаттар»: Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған деректі фильмнің түсірілімі аяқталды

109

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ел бірлігі мен татулық құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Жолданбаған хаттар» атты деректі фильмнің түсірілім жұмыстары өз мәресіне жетті. Фильмді «Inspire Creative Group» шығармашылық тобы түсірді.
Деректі туындының негізгі идеясы – бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісін көрерменге көркем әрі шынайы түрде жеткізу. «Жолданбаған хаттар» фильмі әр кезеңдегі тағдырлы оқиғалар мен адам тағдырларын біріктіре отырып, елдегі этносаралық келісімнің және өзара сыйластықтың мән-маңызын ашып көрсетеді.
Фильмде түрлі ұлт өкілдерінің өмірлік тарихтары мен шынайы естеліктері арқылы бірліктің, достық пен мейірімнің құндылығы көрініс табады. Авторлар идеяны символдық түрде «жолданбаған хат» бейнесі арқылы ашады — бұл өткенге тағзым мен болашаққа үндеу іспетті көркем тәсіл.
Түсірілім тобы облысымыздың әр өңірінде болып, түрлі этномәдени орталықтардың өкілдерімен, еңбек ардагерлерімен, жастар ұйымдарының мүшелерімен сұхбаттар жүргізді. Көрермен фильм арқылы Ассамблеяның 30 жылдық тарихындағы маңызды кезеңдерге, ел бірлігін сақтаудағы елеулі істер мен игі бастамаларға куә болады.
«Inspire Creative Group» тобының өкілдерінің айтуынша, бұл жоба — тек тарихи шолу емес, сонымен бірге заманауи Қазақстанның рухани бейнесін бейнелейтін шығармашылық жұмыс.

«Біз осы фильм арқылы көрерменге мейірім мен келісім идеяларын жеткізгіміз келді. Әр хат – бұл адам жанының сыры, ел тағдырының айнасы», – дейді жоба авторлары.

         Фильмнің тұсаукесері Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған іс-шараларды қорытындылау аясында өтеді деп жоспарлануда. Бұл деректі туынды ел тарихындағы маңызды белесті айшықтап, ұлтаралық татулық пен азаматтық бірліктің мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте паш етпек.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз