Еліміздің нағыз азаматын тәрбиелеп өсіру негіздерін қалыптастыратын тұңғыш мектеп — ол балабақша.

«Үйренер нәрсең-білім мен мейірімділік»-деп, Жүсіп Баласағұн айтқандай, жас ұрпақты болашақта ата-анасының мақтанышы, адамгершілігі мол азамат етіп өсіру жолында «Арман» балабақшасы МКҚК ұжымы аянбай тер төгіп  келеді.  Бұл ретте, білікті басшы, жаңашыл іскер,  балабақша меңгерушісі Сандуғаш Сейілғазинованың жетістігінің өзі бір төбе. «Білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу» — деп айтқандай, балабақша меңгерушісі Сандуғаш Айтмұханқызы Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, республикалық «Білім ұясы: үздік педагог» байқауының жүлдегері, «Зерттеуші педагог» жеңімпазы, «Лучшие в образовании» халықаралық энциклопедия редакциясы мемлекетаралық эксперттік кеңес президумының ұсынысы бойынша «Педагогикалық даңқ» номинациясының І — дәрежелі диплом иегері, Алматы облыстық «Мектепке дейінгі ұйымның іскер көшбасшысы» байқауының Бас жүлде иегері.

—  «Арман»балабақшасы Талдықорған қаласының   жұртшылығына есімі белгілі шаңырақ. Сондықтан да, тарихы тереңде деп ойлаймын.  Жас ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қосып отырған балабақша тарихына тоқталсаңыз.

-250 орындық, 10 топтық балабақша  ғимаратының іргетасы сонау 1985 жылы қаланған.  Бірнеше ұрпақты тәрбиелеп, мектепке дейінгі  тәрбие мен білімді ұштастырған қасиетті шаңырақ.  Балаларым осы жерде тәрбиеленіп еді. Енді олардың баласын, яғни, немерелерді  тәрбиелеп жатырсыздар дейтін апалар  мен ата-аналар көптеп кездеседі.  35 жылдық тарихы парағында  елеулі кезеңдердің бірі – 90 жылдардағы оңтайландыру кезіндегі көптеген балабақшалар секілді жабылып қалмай, өз қызметін сақтап қалуында.

2017 жылы облыс, қала әкімдігі тарапынан қолдау көрсетіліп, ғимараттары күрделі жөндеуден өткен.  Бұдан бөлек, материалдық-техникалық базасы күшейтіліп, интерактивті тақталар, дамытушы құралдар алынды. Бүгінде балалардың мектепке дейінгі жас ерекшеліктеріне сәйкес тәрбие мен білім алуына барлық жағдай жасалған.

— Балабақшада қолданатын жаңа технология?

— Педагогтар ұжымының жаңаша жұмыс істеуге ұмтылысы және ата-аналардың мектепке дейінгі мекемелерді таңдау және талап қою құқығын ескеру инновациялық технологиялар мен бағдарламаларды енгізудегі шығармашылық ізденістер мен эксперименттік жұмыстарға тың серпін берді.

-ҚР мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың ұлттық үлгідегі жүйесін қалыптастыруда педагогтардың жаңа инновациялық технологияларды тәрбиелеу мен оқытудағы бағдарламаларды таңдауға мүмкіндік алуы және өз әрекетіндегі бірізділіктен алыстауы айтарлықтай маңызды болды.

Оған мүмкіндік туғызғандар:

  • Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты;
  • Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы;
  • Назарбаев Зияткерлік мектептерінің мектеп жасына дейінгі балаларды тілге

бойлау негізінде дамытуға арналған бағдарламасы.

  • «Тәй-тәй» білім беру технологиясының негізгі ережелерімен бірге алдыңғы

қатарлы педагогикалық жүйелердің идеялары мен қағидалары – М.Монтессори әдістемесі, Вальдорф педагогикасы, жапондық мектепке дейінгі тәрбиесі, Корей Республикасының мектепке дейінгі тәрбиесі, Н.А.Зайцев әдістемесі, «Ф.Фребель сыйы» ойындары, Дьенеш блоктары, Кюизенер таяқшасы.

 

Сіздердің балабақшаларыңыз талай жылдан бері эксперименттік әдіс-тәсілдерді сәтті іске асырып келеді екен. Осындай игі істер турасында айтып берсеңіз.

-Мектеп алды даярлық сыныбына арналған «Қауіпсіз мінез-құлық негіздері», «Основы безопасного поведения» электронды оқу-әдістемелік құралы, облыстық әдістемелік кабинетінің 2017 жылғы 26-сәуір №2 хаттамасының шешімімен «Н.А.Зайцевтің оқып үйренуге арналған ойындар жинағы» атты қазақ тілінде көмекші құралы және 2020 жылы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының хаттамасымен Сандуғаш Айтмұханқызының «Ән қоржыны» атты жинақ кітапшасы басылып шықты.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 4 сәуір 2006 жылғы №160 бұйрығымен бекітілген  «Мектепке дейінгі ұйымдар мен шағын орталықтарға арналған «Қарлығаш» бағдарламасының 5-6 жастағы балаларға арналған оқу әдістемелік кешенінің әліппе дәптері мен хрестоматиясы, дидактикасы және 3-4 жастағы балаларға арналған оқу-әдістемелік кешенінің»  құрастырушылардың бірі ретінде танылдық.

Сонымен қатар республикалық «Бөбек» ұлттық-сауықтыру орталығының ұсынысымен «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік бағдарламасының ересектер және мектепалды даярлық топтарына арналған оқу әдістемелік кешенін (әдістемелік құрал, хрестоматия, әліппе дәптер) даярлауға қатыстық. Аталған оқу-әдістемелік кешен қазіргі уақытта республика көлемінде қолданысқа ие болды.

-Балаларды елжандылыққа, елін сүюге, отбасын құрметтеуге тәрбиелеу мәселесі қазіргі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының алдына қойылған үлкен міндет. Бұл бағытта жұмыстарыңыз қалай ?

-Таяу жылдардағы міндеттердің біріне  “Туған жер” бағдарламасы бойынша білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру көздейді. Балабақша бүлдіршіндері “Туған өлкеге саяхат” атты шараға тартылды. Сөйтіп, М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына саяхаттап  барып қайтты. Тарихи дүниелерді көріп тамашалады. Сонымен қатар,С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасымен танысып, қызықты кітаптарға шолу жасады және қазақ ертегілерінен мультсериалдар тамашалап қайтты.

-Тәрбиешілер күнделікті балалармен жұмыс жасайды, сондықтан олар  үнемі ізденісте.  Тәрбиешілер мен педагогтар  шығармашылығы турасында не айтар едіңіз?

-«Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» — дегендей, балабақша тәрбиешілері Гүлнара Қадырбекқызы және Баян Серікханқызы қалалық, облыстық «Үздік тәрбиеші» байқауында бас жүлдені жеңіп алғаны біз үшін мақтаныш әрі  үлкен жауапкершілік артты.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы қоры сыйлығының иегері Martebe.kz білім порталы ұйымдастырылған “Үздік балабақша тәрбиешісі” байқауында «Мектепке дейінгі білім беру саласындағы кәсіби біліктілігі үшін» балабақша тәрбиешілері Б.Бикембаева, С.Байбатчаева «Үздік тәрбиеші» төсбелгісімен марапатталды.  Осы аталған байқауда тәрбиеші Қ. Қасенова жоғары нәтиже көрсетіп диплом иеленді.

Балалар шығармашылығын қолдау мақсатында  Martebe.kz білім порталы  ұйымдастырған ІІ республикалық “Жас маман” байқауына  қатысқан балабақша тәрбиешісі Б.Алиева жүлделі ІІ орынды және «Үздік жас маман» төсбелгісін иеленді.

Балабақша ұжымы өз білімдерінің деңгейлерін үнемі көтеру барысында мамандықтарының кәсіби шебері ретінде облыстық «Үздік балабақша» байқауына қатысып, жеңімпаз атанды.

«Мектепке дейінгі мекемеде Зайцев әдістемесін қолданудың тиімділігі» атты тақырыпта  тәрбиеші Г.Еселбаева баяндама оқып, жүлделі І орын иеленді. Ал балабақша тәрбиешісі Базаргүл Мыңбайқызының «Білім беру салалары бойынша «Фребель сыйы» ойындары арқылы балалардың ойлау қабілетін дамыту» атты баяндамасы жоғары бағаланып, бас жүлдеге лайық деп танылды. Сондай-ақ педагогикалық оқуларда шығармашылықпен табысқа жеткен балабақша педагогтары С.Саметова, Б.Бикембаева, А.Смаилова, К.Алпысбековалар жүлделі ІІ орынға ие болды.

Балабақшамыздың орыс тілі пәнінің мұғалімі Әлия Жұмабайқызы облыстық «Заманауи сабақ – педагогтың кәсіби өсуінің көрсеткіші» үздік сабақтар фестивалінде «Ең үздік белсенді оқыту әдістері»  аталымында жүлдегер атанды.

Балабақша әдіскері С.Саметова республикалық қашықтықтан өткізілген «Үздік әдіскер-2019» байқауының І дәрежелі дипломымен марапатталды.

Биылғы жылы «ASTANA JOBALARY» халықаралық және республикалық жобаларды ұйымдастыру орталығының «Білікті ұстаз қырағы-тәуелсіздік пырағы» атты байқауға балабақша педагогтері А.Жұмашева және Ә.Оразова қатысып, медалмен, куәлік және І дәрежелі дипломды иеленді.

Сонымен қатар «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының ұйымдастыруымен «Ұлы даланың ұлы есімдері» мектеп жасына дейінгі ересек жастағы балалардың жобалық қызметі республикалық сырттай байқауына балабақша тәрбиешісі Баян Серікханқызының «Абай-ұлы есім» атты жобалық-зерттеу жұмысы жоғары бағаланды. Ал жобаға белсене қатысқан балабақша тәрбиеленушілері  Мадияр Хасен  мен   Айзере Арманқызы республикалық кезеңнен жүлделі ІІ орынды иеленіп, мәртебемізді асырды.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен «ХХІ ғасыр: ҒЫЛЫМ МЕН ИННОВАЦИЯ» атты жас ғалымдар мен білімгерлердің республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында балабақша меңгерушісі С.Сейлгазинова «Мектепке дейінгі мекемелерде ұйымдастырылған оқу қызметін инновациялық технологиялар арқылы іске асыру» атты баяндама оқып, өз іс-тәжірибесімен бөлісті.

Сондай-ақ, «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының Қазақстанда балабақшаның ашылуына 100-жыл толуына орай ұйымдастырған Қостанай қаласында өткен «Қазақстанда мектепке дейінгі білім берудің ғасырлық тарихи шежіресі» атты республикалық педагогикалық оқуда «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасының талаптарына сәйкес ұйымдастырылған оқу қызметінің мазмұнын іске асыру» атты балабақшаның іс-тәжірибесіне бөліскен  С.Сейілғазинованың баяндамасы жоғары бағаланып, сертификат иеленді.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқытудың заманауи үрдістері» тақырыбында «QARLYGASH-2019» I Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып Франция, Финляндия, Эстония, Ресей, Израиль т.с.с алдыңғы қатарлы мемлекеттердің мектепке дейінгі заманауи білім беру моделдері іс-тәжірибелерімен таныстым. ең танымал 5 әдістеме шебер кластарына қатысып, бүгінгі таңда «Ақылды қоян», «Сөйлейтін робот» және «Күлгін орман» дидактикалық ойындармен барлық топтар жабдықталып, педагогтар іс-тәжірибеде қолдануда.

-Балдырғандарға ана тілін үйрету, құрметтеу бағытындағы жұмыстар ауқымды атқарылып келе ме? Мұны сұрап отырғаным, қалада жас ата-аналардың көбісі баласымен орысша сөйлесіп кетіп бара жатады. Бұрынғыдай балаларды ата-әжелер бауырына басып, тәрбиелемейді. Ертегі айтып беретін үлкендер жоқтың қасы.

— Әрине, бұл проблема. Біздің  балабақша педагогтары ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында  үлкен жұмыстар атқарып келеді. Тәрбиеленуші балалардан бөлек, тәрбиешілер түрлі пайдасы зор шараларға қатысады. Білім мен біліктіліктерін шыңдайды.  Оның дәлелі-педагогтар  «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының филиалы «Білім беру бағдарламалары орталығы» ұйымдастырған «Қазақ тіліне бойлау жобасы тәжірибесімен танысу» тақырыбында өткен оқыту семинарына қатысып, сертификат иеленді.

«Қазақтың болашағы – қазақ тілінде» деп алдымызға нақты міндет қойылды, мемлекеттік тілді дамыту және оның қолдану аясын кеңейтіп, тіл саясатының жүзеге асырылуына елеулі үлес қосқаны үшін балабақша ұжымы қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Оның айғағы ретінде Талдықорған қаласындағы мектепке дейінгі мекемелердің өзге ұлт өкілдері   арасында өткізілген «Қазақшаң қалай, балақай?» атты облыстық байқауында балабақша тәрбиеленушілері Мая Мамедова, Юрий Ким өз шеберлігін жоғары нәтижеде көрсетіп, бас жүлдеге ие болды. Бүгінгі таңда Юрий Ким №9 орта мектепте мемлекеттік тілде оқуды жалғастыруда.

Балабақшамыз  өзге ұлт өкілдері бүлдіршіндерінің жан-жақты дамуына қажетті жағдай  туғызып және қазақ тілін игеруді қамтамасыз ету мақсатында эксперимент алаңы болып танылады. Жақында Эстония мемлекетінде өткен «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің мектеп жасына дейінгі балаларды тілге бойлау негізінде дамытуға арналған бағдарламасы» бойынша ұйымдастырылған семинарына  барып  қатысып, әріптестеріммен іс-тәжірибе алмастым.

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің тренерлерді оқыту курсына балабақша тәрбиешісі Б.Бикембаева қатысып, қайтты.

Қазіргі таңда облыс көлемінде «Жаңартылған білім беру бағдарламасы» бойынша курстар ұйымдастыруға  белсене қатысуда. Сондай-ақ , балабақшамызда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Білім беру бағдарламалары орталығы» аға оқытушысы Қажығалиева Жанат Башаринқызының қатысуымен Талдықорған қаласындағы пилот балабақшаларында «Қазақ тіліне бойлау жобасын ендіру бойынша семинар-мониторинг» ұйымдастырылды.

-Өнерлі балдырғандар бұл балабақшада да көп шығар…

— « Рухани жаңғыру» атты бағдарламасын  іске асыру аясында қала балабақша бүлдіршіндері арасында «Елбасы күні – елдікке құрмет» атты мәнерлеп оқу байқауы өтті. Осы байқауда балабақша тәрбиеленушісі Русалина Испанбекова жүлделі І орынды жеңіп алса, “Тәуелсіздік және Елбасы” атты қалалық мәнерлеп оқудан балабақша тәрбиеленушісі Дария Берікбай және Иманғали Құрмаш  ІІ орынды иеленді.

Сондай-ақ, Қала күніне орай  ұйымдастырылған «Анам және мен» байқауында балабақша тәрбиеленушілері Фариза   Жасұлан, Айзере Сарсемхан және оның анасы, Айя Искакова және оның анасы  І- орынды жеңіп алды. Ал “Үш жүрек – үш жұлдыз-2018” отбасылық шығармашылық байқауында балабақшамыздың Абеуғалиевтар жанұясы “Шебер отбасы” номинациясын иеленді.

Талдықорған қаласында өткізілген дәстүрлі өтетін  «Балдәурен-2017»  балалар шығармашылық байқауында «Би» номинациясы бойынша жоғары орындаушылық шеберлігін танытқан  бүлдіршіндер бас жүлдені жеңіп алды. Ал  «Балдәурен – 2019» байқауында “Ән” номинациясы бойынша  балабақшамыздың  «Арман» триосы бірінші орынды жеңіп алса,  сондай-ақ, «Дефиле» номинациясы бойынша балабақша бүлдіршіні Әміржан Айдосұлы дипломат атанды.

“БАЛА ӘЛЕМІ” байқауында жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін балабақша тәрбиеленушісі Айбике Рахат бас жүлдені жеңіп алса, ал Ескендір Мамажан жүлделі орынға иеленді.

Биылғы  Ұлы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Мәңгілік ел алыптары» атты республикалық рухани-патриоттық байқауында айрықша өнері, дарынды қабілеті үшін  балабақшамыздың «Арман» би тобы бас жүлдені иеленіп, халықаралық байқауға жолдама алды. Бұл байқауға бүлдіршіндерді дайындаған балабақшамыздың хореографы Айман Айтқалиқызы «Шығармашыл педагог» дипломымен марапатталды.

-Қазіргі кезде кеселді індетке байланысты қандай жұмыстар жасалды?

— Бүкіл әлемде орын алған пандемияға қатысты барлық білім беру ұйымдарының дәстүрлі оқу қызметі тоқталтылып, қашықтан оқытуға ауысқаны белгілі. Осыған орай, біздің балабақшаның мектепалды даярлық топтарының бүлдіршіндеріне қашықтықтан білім алуға тура келді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес және «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының короновирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша шаралар кезеңінде мектепалды даярлық топтарының балалары үшін қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша әзірленген ұсынымдарды басшылыққа ала отырып, сәуір айынан бастап мектепке дайындық жұмыстары сауат ашу (аптасына 2 рет), математика (аптасына 2 рет) және қоршаған ортамен танысу (аптасына 1 рет) ұйымдастырылған оқу қызметтеріне бес білім беру салаларын кіріктіру арқылы жүзеге асырылды. Біздің педагогтар бұл қиындыққа мойымай, абыроймен өздеріне жүктелген міндеттерді орындап шыққанын айта аламыз. Мектепалды даярлық топ бүлдіршіндеріне арналған 100-ден астам оқу қызметтері таспаға түсірілді. Оның ішінде дамытушы ойындар, сергіту сәттері және әріптерді үйренуге арналған саяхат түрінде түсірілген көрсетілімдер де бар. Балаларға Whats App мессенджеры арқылы берілген материалдар Movie Maker, Movavi Video Editor, Pinnacle Studio және т.б. платформаларда жасалды.  Пандемия кезеңінде әр адамның денсаулығын сақтау және сақтық шараларына дұрыс қолдану барысында «Дені саудың – жаны сау» челленджін балабақшамыздың мектепалды даярлық «Қуаныш» тобының тәрбиеленушісі Хан Томиристің карантин кезінде тазалық шараларын бұлжытпай орындап жүргенін облыстық «Жетісу» телеканалынан көрсетті.

Қашықтықтан білім беруге тартылған педагогтарымызға әдістемелік, психологиялық сүйемелдеу және видеоредакциялау бойынша кеңестер беріліп, техникалық көмек көрсетілді.  Егер де жағдай дұрысталса, санитарлық талаптарды  қатаң сақтай отырып, балаларды қабылдаймыз. Оларды біз қатты сағындық. Бейнесабақтар әзірлеу бойынша қолдау көрсетіп, кеңес беріп отырған облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының мектепке дейінгі мекемелер әдіскері Раушан Қабдолдақызына және қалалық білім бөлімінің әдіскері Салтанат Сағынқызына зор алғысымызды айтамыз.

«Тәрбие – тал бесіктен» деген халқымыздың дана сөзінде.  Бала тәрбиелеу – біздің өміріміздегі ең маңызды міндет. Біздің қызметіміз де, өміріміз де бала өмірімен тығыз байланысты.

-Ендеше Сіздің  және барлық тәрбиешілер қауымының,  балалардың бағбаны қызметіндегі еңбектеріңіз табысты бола берсін.  Тәуелсіз еліміздің жас ұрпақтары білімді, жан-жақты дамыған, дені сау, рухани бай, жерін, ата-анасын құрметтейтін саналы болып ержетсін!

                                                                                         

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK