Мүгедектігі бар азаматтарға құрмет

108

Егемендік алған тұстан бері елімізде ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау, олардың өмір сүру сапасын жақсарту және қоғам өміріне толыққанды араласуын қамтамасыз ету бағытында бірқатар маңызды реформалар жүзеге асырылып келеді. Әрбір жанның тең мүмкіндіктерге ие болуын қамтамасыз ету мемлекеттің басты қағидаларының бірі. Бұл азаматтардың әлеуметтік, экономикалық, мәдени және саяси өмірге толыққанды қатысуын қамтамасыз етудің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Мүгедектігі бар азаматтар күніне орай салтанатты жиын және ерекше қажеттіліктері бар жандардың қолөнер туындыларынан көрме ұйымдастырылды. Шараға қатысқан Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл ерекше қажеттіліктері бар жандарға жасалып жатқан жағдайлар мен әлеуметтік бастамалар туралы айтып, бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. «Бүгін мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдағы орнын айқындайтын, олардың өмірге құштарлығын, өнерге деген ықыласын көрсететін ерекше күн. Осы маңызды күн аясында ұйымдастырылып отырған ерекше қажеттіліктері бар жандардың қолөнер туындыларынан шыққан көрмені тамашалаудамыз. Бұл көрме – тек шығармашылық туындылардың жиынтығы ғана емес, бұл  қажырлы еңбектің, төзім мен таланттың көрінісі. Бүгінгі шара  бірлік пен жанашырлықтың, тең мүмкіндіктер қоғамын құру жолындағы нақты қадамның көрінісі», – деді қала әкімі өз сөзінде. Мерекелік жиын барысында ерекше күтімді қажет ететін жандарды қолдау мен әлеуметтік бастамаларды дамытуға үлес қосқан әр саланың 10-ға жуық белсенді азаматы қажырлы еңбегі үшін Алғыс хатпен марапатталды. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамнан тыс қалмауына мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлініп жатқандығы баршаға мәлім. Оларға кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан игі жұмыстар қатары аз емес. Бүгінде  өңірімізде  қолжетімді орта қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Инфрақұрылым нысандары пандустармен, бейімделген көтергіштер және есту мен көру қабілеті шектеулі адамдарға арналған тактильді тректермен жабдықталуда.                                                                                                       

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз