Жас ұрпақтың бойында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу — білім беру мекемелерінің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта №27 орта мектеп- гимназиясында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу мәселелері бағытындағы 2025–2027 жылдарға арналған ведомствоаралық кешенді жоспардың орындалуын бақылау мақсатында мониторингтік тексеріс жүргізілді.
Тексеріс жұмыстары аталмыш жоспардың жүзеге асырылуын бақылайтын азаматтық қоғам мүшелерінен құрылған арнайы мониторинг тобының, сондай-ақ, мектеп әкімшілігі, психолог, әдеп-құқық жөніндегі ментор қатысуымен өтті. Бақылау барысында мектеп аумағындағы бейнебақылау камераларының жұмыс істеу жағдайы, құқық бұзушылық орын алған жағдайда сигнал беруге арналған жедел түйме жүйесінің тиімділігі, оқушылар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері талқыланып, тәртіп бұзушылық жағдайларының себептері мен оларды шешу жолдары қарастырылды. Мектеп директорының орынбасары өз сөзінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың, ата-анамен тұрақты байланыс орнатудың және мектеп пен қоғам арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Ал, кездесуге арнайы қатысқан меймандар жасөспірімдерге қоғамға жат іс-әрекеттердің салдары, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік, қоғамдық тәртіпті сақтау және кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта жүруінің қауіптілігі жөнінде жан-жақты түсіндірме жасады. Айта кету керек, өткен жылы бұл мектепте аталған санатта 12 оқушы тіркелсе, биыл олардың саны 4 балаға азайған.





























