Ұстаз — ұлы тұлға

101
Облыс орталығы Талдықорғанда Оқушылар сарайында «Ұстаз — ұлы тұлға» атты ұстаздар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты шараға қала әкімі Ернат Бәзіл қатысып, білім саласындағы оң көрсеткіштерге тоқталып, ұстаздарға ақжарма тілегін білдірді.
«Ұстаздар күні — орны бөлек, дәрежесі биік, ең ұлық та ұлағатты мереке. Ұрпақтың ұлы мұраты жолында еңбек етіп жүрген ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек. Ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеу жолында қызмет атқарып жүрген ұстаздарды ардақтауға міндеттіміз», — деді қала әкімі.
Мерекелік шара барысында бірқатар ұстаздар Талдықорған қаласы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен, сондай-ақ Жетісу облыстық мәслихаты мен білім басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар, қала әкімі күні кеше ғана Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған К.Ушинский атындағы №7 орта мектептің география пәні мұғалімі Шырын Жұмағалиеваны құттықтап, төс белгі оның қажырлы еңбегіне берілген әділ баға әрі зор құрметтің белгісі екенін атап өтті.
Қазіргі таңда Талдықорғанда 27 жалпы білім беру мектебінде 36 мың оқушыға 2951 мұғалім білім беріп, тәрбиелеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Биылғы жаңа оқу жылында қала мектептерінің ұстаздар қатары 73 жас маманмен толықты.
Сонымен бірге, қала білім мекемелері арасында ұйымдастырылған байқауда «Үздік бастауыш сынып мұғалімі», «Үздік сынып жетекші», «Үздік балабақша» және «Жетісу ұстазы» номинацияларының жеңімпаздары қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, салтанатты шара қаламыздағы барлық мектеп директорларының орындауындағы «Ұстазым» әнімен түйінделді.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз